Disney авторлық құқық үшін Жетісу полициясын сотқа бере ме – Министрлік жауабы

Скриншот ложного видео
Жетісу облысы полициясының ресми аккаунтында жарияланған жаңа ролик қоғамда қызу талқы тудырды. Видеода Disney-дің «Аңдар шаһары» мультфильмінің кейіпкерлері қазақ полицейлерімен бірге қызмет атқарып жүргені көрсетілген. Роликтің жасанды интеллект арқылы жасалғаны байқалады.
Бейнежазбаның астындағы жұрт пікірі екіге бөлінген. Біріншісі роликтің әдемі шыққанын айтып жатса, екінші топ “Дисней авторлық құқықты бұзғаны үшін сотқа беретін шығар” деген ойын жазған.
ЖИ пайдалана отырып, өзгенің контентіне тиесілі кейіпкерлерді пайдалану авторлық құқықты бұза ма, жоқ па деген сауалды nofake.kz/ тілшісі Әділет министрлігіне жолдады.
«Құқық иесінің рұқсатынсыз мультфильм немесе анимациялық фильм кейіпкерлерін пайдалану – авторлық құқықты бұзу болып саналады. Авторлық құқық тек ғылыми не шығармашылық туындыларды ғана емес, фильмдер мен мультфильмдерді, сондай-ақ жеке адамның еңбегінен туған кез келген туындыны қорғайды. Бұл қатарға фильм мен мультфильм кейіпкерлері де кіреді. Сондықтан оларды қолдану үшін авторлық құқық талаптарына сәйкес, автордан міндетті түрде рұқсат алу қажет», – деп жауап берді ҚР Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқықтары комитеті төрағасының орынбасары Гүлнара Какен.
Демек, Жетісу облысы полициясы Disney-дің авторлық құқығын шынымен бұзып отыр. Егер компания тарапынан шағым түссе, ведомство жауап беруге міндетті. Қазіргі таңда аталған видео мекеменің ресми парақшасынан өшірілген.
Еске салсақ, 25 қараша Президент зияткерлік меншік құқығына қатысты заңға бірқатар өзгеріс енгізілген құжатты қабылдаған болатын. Онда авторлар мен құқық иелерінің өтініштері негізінде Әділет органдары тарапынан жоспардан тыс тексерулер жүргізу арқылы авторлық құқық және сабақтас құқық объектілерін пайдалану үстінен мемлекеттік бақылауды енгізу.


