NoFake

Жеті сарбаз психикалық ауруханаға түсті деген ақпарат жалған – ҚР Қорғаныс министрлігі

Коллаж nofake.kz/

Еліміздің Қорғаныс министрлігі Маңғыстау облысында бірден 7 сарбаз психикалық денсаулық орталығына түсті деген ақпаратты жоққа шығарды.

Ақпараттық пабликтер Маңғыстау облысындағы №99116 әскери бөлімде өзіне қол жұмсамақ болған 7 сарбаз психикалық ауруханаға жеткізілді, үшеуі дәрігерлер бақылауында қалса, төртеуі медициналық тексеруден соң ата-аналарымен бірге үйіне қайтты деп жазған.

Осы ақпараттың анық-қанығын білуі үшін nofake.kz/ сайты Қорғаныс министрлігіне хабарласты. Ведомствоның баспасөз қызметі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін жеткізді.

«Жекелеген жарияланымдарда таратылған, жеті әскери қызметшінің өз-өзіне қол жұмсауға бейім мінез-құлық танытқаны жөніндегі ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қазіргі уақытта медициналық мекемеге әскери борышын өтеп жатқан үш сарбаз жатқызылған, олардың тарапынан өз-өзіне қол жұмсауға бейімділік әрекеттері байқалған. Олардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ, барлық қажетті ем-дом мен медициналық бақылау қамтамасыз етілген. Жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша олардың әрі қарай әскери қызметті өтеу туралы шешім қабылданады», – делінген хабарламада.

Қорғаныс министрлігі бұл – қоғамды шатастыру үшін қасақана жасалған әрекет болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.

«Тәжірибе көрсеткендей, мұндай әрекеттер кейде әскери қызметтен жалтару мақсатындағы қасақана жасалған қадам болуы мүмкін. Барлық мән-жайлар бейінді мамандар тарапынан мұқият талдануда. Сонымен қатар, жекелеген жарияланымдарда көрсетілген, оның ішінде қорқытып ақша алу, заңсыз әрекеттер мен мәжбүрлі жұмыстарға қатысты айғақтар бойынша құзырлы құқық қорғау органдары заңнама талаптарына сәйкес тексеру жүргізіп жатыр», – делінген ведомствоның ресми хабарламасында.

Оқу үшін