«Қауіпсіз үшбұрыш»: жер сілкінісі кезіндегі тәсілді сарапшылар жоққа шығарды

Коллаж: NoFake
Дүниежүзіндегі сарапшылардың пікірінше, жер сілкінісі кезінде ең тиімді қорғану тәсілі – «жат, жасырын және мықтап ұста» әдісі. Бұл тәсіл адамды құлаған заттар мен сынықтардан қорғауға көмектеседі. Ал көп тараған «қауіпсіз үшбұрыш» деп аталатын әдіс – яғни жер сілкінісі кезінде бос қуысқа жасырыну арқылы аман қалуға болады деген тұжырым – ғылыми тұрғыда дәлелденбеген және қауіпті деп саналады, деп хабарлайды nofake.kz/ AFP ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
«ҚАУІПСІЗ ҮШБҰРЫШ: Өзіңді және жақындарыңды құтқар!» — делінген 2025 жылдың 11 қазанында Facebook-та жарияланған жазбада.
Онда адамдардың диван, төсек секілді жиһаздардың жанына жасырынған суреттері бейнеленген. Авторы мұндай жиһаздар ғимарат құлағанда «қауіпсіз үшбұрыш» – яғни бос кеңістікті қалыптастырады деп сендіреді.
Постқа қоса берілген ұзақ мәтінде жер сілкінісі кезінде көпшілік ұстанатын «жат, жасырын және мықтап ұста» тәсілі сынға алынып, оның орнына Даг Копп есімді «құтқарушының» мақаласы ұсынылған.
Онда Копп «қауіпсіз үшбұрыш» әдісін ғимараттардың қирау ерекшеліктерін зерттеу нәтижесінде жасағанын айтып, 1996 жылы Түркияда жүргізілген «ғылыми сынақ» оның теориясын дәлелдеді деп мәлімдейді.
«Жай ғана «жата қалып, жасырынғандардың» барлығы дерлік ғимарат құлағанда мерт болады», — делінген онда.
Мұндай жазбалар әлеуметтік желілерде, әсіресе Филиппинде кеңінен таралып, 30 мыңнан астам репост жинаған. Бұл елде 83 адам қаза болған жойқын жер сілкіністерінен кейін цунами қаупі жарияланып, ауқымды қираулар болған.
Филиппин архипелагы Тынық мұхитының «От сақинасы» деп аталатын сейсмикалық белсенді аймағында орналасқан, сондықтан мұнда жер сілкіністері жиі болып тұрады.
Көптеген желі қолданушылары бұл «кеңес» өмірін сақтап қалуға көмектеседі деп сенген:
«Рақмет, өте пайдалы ақпарат екен», — деп жазды оқырмандардың бірі. Басқасы: «Бұл – жылдармен дәлелденген әдіс. Әр адам білуге тиіс», — деп пікір қалдырған.
Қате түсінік
Филиппин жанартау және сейсмология институтының өкілі AFP агенттігіне берген сұхбатында, мекеме «қауіпсіз үшбұрыш» әдісін қолдамайтынын мәлімдеді.
«Бұл әдіс жер сілкінісі кезіндегі нақты жағдайды дәл бейнелемейді, әрі оның нұсқауларын орындау жарақат алу немесе ғимарат ішінде қалып қою қаупін арттыруы мүмкін», — деді агенттіктің ғылыми зерттеу маманы Мелисса Мэй Гарсия.
Оның айтуынша, бұл әдіс жиһаз бен ауыр заттардың сілкініс кезінде орнында қалатынын қате болжайды.
«Шын мәнінде жер сілкінісі кезінде ауыр заттар қозғалып, аударылып кетуі мүмкін, сондықтан олардың маңы қауіпсіз емес, керісінше қауіпті аймаққа айналады», — деді ол.
Филиппин Қызыл Кресті де AFP агенттігіне 14 қазанда берген түсініктемесінде «қауіпсіз үшбұрыш» — қауіпті дезинформация екенін айтты.
«Филиппинде, басқа да елдердегідей, ғимараттардың толық қирауы жиі болмайды. Негізгі қауіп – құлап жатқан және ұшып жүрген заттар», — деп мәлімдеді ұйым.
Сондай-ақ Қызыл Кресттің айтуынша, күшті сілкініс кезінде адамдардың қозғалып, еңбектеуі қиын. Сол себептен оларды құлаған заттар соғып кетуі мүмкін.
Ұйым мәлімдемесінде ғимарат қираған кезде «тіршілікке қолайлы бос кеңістіктің» қай жерде пайда болатынын алдын ала болжау мүмкін емес екені де атап өтілген.
Phivolcs те, Қызыл Крест те жер сілкінісі кезінде ең тиімді әрі халықаралық деңгейде мойындалған тәсіл — «жат, жасырын және мықтап ұста» екенін растады.
Бұл үшін адам төрт тағандап отырып, тепе-теңдігін сақтауы керек, басы мен мойнын жабу немесе берік үстелдің астына тығылу қажет, содан кейін сілкініс тоқтағанша сол күйде қалу ұсынылады.
Бұл әдіс құлап немесе ұшып келе жатқан заттардан қорғануға көмектеседі — ал жер сілкінісі кезінде жарақаттардың көбі дәл осындай себептерден болады.
АҚШ Геологиялық қызметі де осы тәсілді ұсына отырып, «қауіпсіз үшбұрыш» идеясын «қате түсінік» деп атаған.
«Бұл идея Түркияда болған жер сілкінісі кезінде жасалған бақылауларға негізделген, бірақ ол АҚШ-тағы ғимараттар конструкциясына сәйкес келмейді», — делінген агенттік мәлімдемесінде.
Бұған дейін AFP агенттігі Филиппинде болған жер сілкіністерінен кейін тараған өзге де жалған ақпараттарды тексерген болатын.


