«Жер алып беремін»: Астанада жалған уәдеге сенген тұрғын қомақты қаржысынан айырылды

Фото: Depositphotos
Астанада 51 жастағы әйел аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Тергеу мәліметінше, ол жер телімін заңды түрде рәсімдеп беруге уәде етіп, жәбірленушіден бірнеше кезеңмен қомақты қаражат алған.
«Күдікті өзін жер қатынастары саласында ықпалы бар адам ретінде таныстырып, жәбірленушіге жер учаскесін заңды түрде рәсімдеп беруге көмектесетінін айтқан. Таныстары мен мүмкіндіктерін алға тартып, жер телімін қысқа мерзімде алып беруге сендірген», – деп хабарлады полиция.
Жалған уәдеге сенген тұрғын күдіктіге бірнеше кезеңмен қомақты ақша берген. Алайда арада уақыт өткеніне қарамастан, уәде етілген жер телімі рәсімделмеген. Кейін күдікті түрлі себептерді алға тартып, мәселені созбалаңға салған. Ұзақ уақыт бойы мәселенің оң шешілетініне үміттенген жәбірленуші ақырында өзіне қатысты алаяқтық жасалғанын түсініп, құқық қорғау органдарына жүгінген.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.


