Виртуалды махаббат: романтикалық алаяқтықтың схемасы қандай

Фото: depositphotos
Желіде танысқан «сүйіктінің» әдемі уәделерінің артында суық есеп жатуы мүмкін. Алаяқтар жалған аккаунттар мен дропперлердің банк карталарын пайдаланып әрекет етеді, бірақ құқық қорғау органдары олардың ізіне түсіп, анықтай алады.
Интернеттегі хат алмасу, сізге деген шамадан тыс назар, сыйлықтар туралы уәде. Көп жағдайда романтикалық алаяқтық дәл осылай басталады. Әсіресе 8 наурыз қарсаңында мұндай әңгімелер шынайы көрініп, еш күдік тудырмайды.
Онлайн таныстықтағы алаяқтар қалай әрекет етеді және полиция олардың ізіне қалай түседі? Бұл туралы NoFake.kz сайтына берген сұхбатында Астана қаласы Полиция департаменті Нұра аудандық полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Шахназар Жүнісов айтып берді.
Оның айтуынша, онлайн таныстыққа байланысты алаяқтық бойынша арыз-шағымдар елорда полициясына ара-тұра түсіп тұрады. Қаскөйлер Instagram, Facebook, Telegram сияқты әлеуметтік желілер мен танысу қосымшаларын пайдаланады. Кейде хат алмасу бірнеше айға созылады: осы уақыт ішінде алаяқтар біртіндеп сенімге кіріп, қарым-қатынас бар сияқты әсер қалдырады, содан кейін ғана ақша сұрай бастайды.
Алаяқтардың бір тәсілі — «сыйлық салынған сәлемдеме» туралы схема. Мысалы, олар шетелден келемін немесе қымбат сыйлық жіберемін деп уәде береді. Кейін жәбірленушімен өзін жеткізу қызметінің немесе әуежайдың қызметкері ретінде таныстырған адамдар байланысып, «салық» немесе «айыппұл» төлеуді талап етеді. Осындай жағдайлардың бірінде әйел адам алаяқтарға 3,8 миллион теңгеден астам ақша аударған.
Жекелеген тергеулер жалған аккаунттарды қолдану фактілерімен де байланысты. Мәселен, 2025 жылдың жазында Астанада өзін Нұрай есімді қыз ретінде таныстырып, хат алмасқан танысынан ақша бопсалаған ер адам анықталған.
«Күдікті Нұрай деген атпен аккаунт ашып, жәбірленушімен мессенджер арқылы сөйлескен. Хат алмасу төрт айдан астам уақытқа созылды. Тіпті жасанды интеллект арқылы жасалған дауыстық хабарламаларды да пайдаланған. Алдымен гүл немесе шағын сатып алулар үшін аз-аздан ақша сұрап отырған. Бірнеше ай ішінде жәбірленуші едәуір көлемде ақша аударған. Алаяқты банк аударымдарының тізбегі арқылы анықтадық. Ол үшінші тұлғалардың атына рәсімделген түрлі карталардың нөмірін жіберіп, кейін ақшаны қолма-қол шешіп алған», — дейді полиция майоры Шахназар Жүнісов.
Спикердің айтуынша, алаяқтарды анықтауға көбіне ақша қозғалысы көмектеседі. Мессенджерлер мен әлеуметтік желілер пайдаланушылар туралы деректерді бірден ашып бермесе де, банк аударымдары арқылы қаражаттың қайда кеткенін бақылап, соңында күдіктіге шығуға болады.
Шахназар Жүнісов онлайн сөйлесу кезінде ақша сұрау — алаңдататын басты белгі екенін айтады. Алаяқтар сенімге оңай кіретін адамдарды таңдайды. Алдымен ұзақ уақыт хат жазысып, сенім қалыптастырады, кейін түрлі қиындықтарды айтып, қаржылай көмек сұрай бастайды. Көбіне ақша «дропперлердің» карталарына аударылады — яғни қаражатты шығару және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылатын адамдардың банк карталарына түседі.
Егер адам осындай алаяқтықтың құрбаны болса, барлық дәлелді сақтап қалу маңызды. Оған хат алмасу, хабарламалардың скриншоттары және ақша аударымдарының түбіртектері жатады. Осы материалдармен тұрғылықты жері бойынша ең жақын полиция бөлімшесіне жүгінуге немесе 102 нөміріне хабарласуға болады. Өтініш тіркелгеннен кейін материалдар киберқауіпсіздік бөлімшелеріне жіберіледі. Олар ақша қозғалысын бақылап, банктер мен цифрлық платформаларға сұрау жолдайды.


