Желіде «Назарбаевтың қайтыс болғаны» туралы дипфейк тарады

Скрин видеодан
Әлеуметтік желілерде Нұрсұлтан Назарбаевтың қайтыс болғаны туралы жалған ақпарат таратылған видео кеңінен тарап жатыр. Аталған ролик — дипфейк, деп хабарлайды nofake.kz/.
Әлеуметтік желілерде Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қаза тапқаны жөнінде хабарланғандай әсер қалдыратын бейнеролик тарады. Алайда бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді — видео жасанды интеллект технологиялары арқылы жасалған дипфейк.
Аталған ролик 2026 жылғы 11 қаңтарда YouTube арнасында жарияланып, 1,2 миллионнан астам қаралым жинаған. Сонымен қатар бұл ақпаратты растайтын бірде-бір ресми дереккөз жоқ, Назарбаевтың қайтыс болғаны туралы ешқандай ресми хабарлама жасалмаған.
Видеода Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен бірлескен отырысынан алынған кадрлар пайдаланылған. Алайда бейненің дыбыстық жолы өзгертілген: дауыс жасанды интеллект көмегімен қолдан жасалған. Осылайша шын мәнінде болмаған мәлімдеме бардай жалған әсер қалыптастырған.
Еске салайық, 2026 жылғы 18 қаңтардан бастап Қазақстанда синтетикалық контентті міндетті түрде таңбаламай жасау және тарату үшін жауапкершілік қарастыратын нормалар күшіне енеді. Атап айтқанда, жалған ақпарат тарату, беделге нұқсан келтіру, алаяқтық жасау немесе қоғамдық маңызы бар процестерге араласу мақсатында пайдаланылса — салдары мен қолданылу мақсатына қарай әкімшілік, азаматтық-құқықтық, ал жекелеген жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.


