Жеке өмірін жария етіп, ел назарын өзіне аудару – манипуляция ма, маркетинг құралы ма

freepik.com
Қоғамда отбасылық мәселелерді немесе жеке өмірді халыққа жария етіп ел назарына ілігу, осы арқылы өз туындысын жарнамалау трендке айналып барады. Көпшілік, тіпті өнер адамдарына қалтқысыз сеніп, олар берген сұхбат, посттың астарында жарнама жатқанын аңғармай, манипуляция құрбаны болып жатады. nofake.kz/ мәселенің астарына үңіліп, соңғы кездері елдің қазу талқысында жүрген бірнеше кейстерді мамандарға талдатып көрді.
Ел арасында өнер адамдарының жеке өмірі көп талқыланған сұхбаттың бірі актриса Дариға Бадықованың экс-күйеуі Дархан Мұсаев пен әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жары Мөлдір Мұқанның сұхбаты болды. Желі қолданушыларының бірі оқиға кейіпкерлеріне жаны ашып, қолдау көрсетсе, енді бірі оны киноға касса жинау құралы деп білді.

Журналист Кәмшат Тасболат осы екі оқиға туралы өз ойын ортаға салды. Оның айтуынша, ел алдында жылап, аяушылық туғызу арқылы халық назарын аудару – ашық манипуляция.
«Бұл жерде әрине фильмді сату әрекеті. Ол бес баласын айналдырып жылатып отырып, елге сол видеоны таратып отыр. Одан қалса, сұхбат берген видеодан үзінділерді салып, сатқындық көрдім деп жазды. Ал соның астына «Шәй в большом городе» фильміне келіңіздер деп жазады. Бұл – таза манипуляция. Яғни, көз жасы арқылы халықтың аяушылығын туғызу, олардың психологиясына әсер ету, киносын сату. Олай аяушылық туғызу арқылы халыққа манипуляция жасауға болмайды», — деп түсіндірді маман.
Қоғам талқысына түскен тағы бір оқиға — журналист Қанат Тілеухан мен ақын Бақыт Беделханның сұхбаты.

Естеріңізде болса, қаламгер онда әйелдерді «құтырған» деп айыптап, желіде «құтырған қатын» тренді пайда болған еді. Десе де, сұхбат ішінде жақын арада ақынның кеші өтетіні, ол осы арқылы өз кешіне көрермен жинағысы келетіні анықталды. Яғни, қос тарап тағы да маркетингтік айлаға басып, қоғамға манипуляция жасауға тырысты.
«Қанат өзіміз сыйлайтын, кәсіби, білікті әріптес. Оның қанша подкаст, хабарлары бар. Бірақ бұл жерде ақынға сондай сұрақты қою арқылы, ол қаншалықты журналистің объективті болу қағидатын ұстана алды деген сұрақ туындайды. Ол сұхбатта тек ерлердің позициясы тұрғысынан бір жақты болып кеткен. Бұрын зиялы қауым деп айтатын едік, қазір зиянды қауым деп айтып жатқан азаматтар бар. Неге? Себебі біз зиялы қауымнан ондайды күтпейміз. Бұл жерде кезінде Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева сияқты апаларымыздың табаны тиген киелі шаңырақты жаңа трендтерге іліктіріп, қоғамға манипуляция жасалғаны, яғни әдейі осындай әрекетке барғаны сұхбаттан көрініп тұр. Ол дегеніміз – екі жақтың да ұтып тұрғаны. Мәселен, журналистке қаралым керек, ақынға кешке адамдарды көбірек жинау керек. Болды, екі жақтың да ұпайы бүтін», — деді ол.
Сұхбаттың астарында не жатыр: PR, жарнама, хайп — маман жауабы
Осы ретте, халықтың сенімінен ойнап, манипуляция жасап, оны маркетинг құралы ретінде қолдану қаншалықты орынды? Пиаршы Ақсұлу Санғали жауап берді.
«Құрал екені анық, бірақ оны пайдаланды ма, жоқ па? Мәселе сонда. PR-дың жарнама, хайптан ерекшелігі — ол белгілі бір стратегиямен жасалады. Егер осы сұхбаттар нақты стратегиялық жоспармен жасалса, мұны әрине PR-ходқа (ред. әдіс) жатқыза аламыз», — деді маман.
Ақсұлу Санғали тәжірибелі пиаршы ретінде жоғарыдағы аталған кейстерге талдау жасап көрді.
«Қанат Тілеуханның кейсінде мен ондай нәрсені көрген жоқпын. Бұл жерде Бақыт Беделханның ішкі ойы, позициясы сондай сияқты болып көрінді. Егер шынымен PR-ход болатын болса, онда жоспарлы түрде, мынадан кейін былай істейміз деп жалғасуы керек еді. Бірақ ол ештеңеге ұласпады. Ал, Дариға Бадықова, Мөлдір Мұқанға келетін болсақ, олардан біз схеманы байқаймыз. Біріншіден, олар өздері сұхбатқа барып, жеке өмірін айтады. Одан кейін екінші тараптың жауап беруі, елдің талқылауы, пікірлер бар дегендей оқиғаның дамуы бар. Екіншіден, онда нақты – сатылымды көбейту керек деген мақсат бар. Бірақ бұл жерде де бәрібір абайсызда немесе әдейі пайдалануы мүмкін деген болжам бар. Нақты кесіп айту қиын», — деді маман.
Консенсус эффектісі — үш кейске ортақ манипуляция әдісі
Жоғарыда талданған үш оқиға да — жеке өмірді жариялау, эмоцияға салу, көпшіліктің назарын жеке драма арқылы тарту — бір ортақ механизмге келіп тіреледі. Ғылымда мұны жалған консенсус эффектісі деп атайды.
Бұл әдісте блогер, танымал тұлға немесе продюсер алдын ала жасалған контент арқылы «көпшілік осылай ойлайды», «бәрі бұған сеніп отыр» деген жасанды иллюзия тудырады. Соның нәтижесінде адам өз пікіріне күмән келтіріп, көпшілікке ергіш болады.
Дариға Бадықова – Дархан Мұсаев, Мөлдір Мұқан – Тұрсынбек Қабатов, сондай-ақ Қанат Тілеухан – Бақыт Беделхан сұхбаттарында да осы схема байқалады: Ең алдымен жеке өмір туралы эмоционалды әңгіме айтылады, қоғам назарын аударғаннан кейін пікірталас жасанды түрде күшейеді. Содан соң осы эмоциялық толқынды пайдаланып, фильм, кеш немесе жоба жарнамаланады, «Көпшілік қолдап жатыр» деген пікір туғызып, көрермен жинау тетігі іске қосылады. Яғни жеке драма — маркетинг үшін қолданылатын құралға айналады.
Бұл жерде жалған консенсус эффектісі былай жұмыс істейді: адам эмоциялық контентті көргенде, пікірлердің, реакциялардың көптігін байқайды да, «демек бәрі бұған сенеді», «бәрі қолдап жатыр» деп ойлайды. Сол арқылы жасанды әлеуметтік дәлел қалыптасады. Сондықтан бүгінде кино шығар алдында, жеке кеш ұйымдастырмас бұрын немесе жаңа өнім таныстырғанда, кей тұлғалар әдейі жеке өмірге қатысты дау ұйымдастырып, қоғамның аяушылығын және қызығушылығын жарнама ретінде пайдаланып жүргенін мамандар растап отыр. Қорыта айтсақ, манипуляцияның бұл түріне алданбау үшін эмоция емес — тек фактіге сүйеніп, ақпараттың түп-төркінін, мотивін және контекстін тексерген маңызды.
Айта кетейік, бұған дейін дәл осылай блогер Құралай Ошақбаеваның кейсін мамандарға талдатып, ондағы манипуляция жайлы әңгімелеген едік.


