Жеке медицина және білім беру ұйымдары қалай қаржыландырылады: министр түсіндірді

Фото: https://t.me/ukimet_points
Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева жеке білім беру және медицина ұйымдарын қаржыландыру мәселелері қайта қаралатынын мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында білім беру саласында пилоттық режимде жекеменшік мектептерді цифрлық есепке алу, негізгі процестерді автоматтандыру және бюджеттеу жүйесімен синхрондау енгізілгенін атап өтті. Қазір елде 785 жекеменшік мектеп толық цифрландырылған.
«Бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін жаңа жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырысқа мораторий енгізіледі. Қаржы тек өңірдегі нақты қажеттілік бар мектептерге бағытталады. Мемлекеттік мектептердің тапшылығы, үш ауысымды оқытуды жою және апатты мектептерді жаңарту – басымдыққа алынады»,- деді Балаева.
Вице-премьер инвестициялық шығынды өтеу механизмі сақталатынын және лицензия алғаннан кейін мемлекеттік органдар бақылау жүргізетінін айтты. Бұл білім сапасын, педагог кадрларды және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
«Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті халықтың нақты қажеттіліктеріне, демографиялық және көші-қон деректеріне сүйене отырып жоспарлайды, қаржыландыру тек тиімді мемлекеттік және сенімді жеке емханаларға беріледі. Қосарланған төлем мен жалған есепті болдырмау үшін бірыңғай цифрлық бақылау енгізіледі»,- деді вице-министр.
Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Қаржы министрлігіне берілген және құқық қорғау органдарымен бірлесіп тексеру жүргізілуде. Жеке медицина мен білім беру ұйымдарын қаржыландыру механизмдерін қайта қарау бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді.


