NoFake

Жаңа жыл қарсаңында жиі кездесетін ТОП 5 алаяқтық әрекеттер

Holiday festive mood with young tired business person with santa claus hat holding his bank card office white background

Фото: freepik.com

Жаңа жыл қарсаңында мерекелік қарбаласты пайдаланып, халықты алдауға тырысатын алаяқтар белсенді бола түседі. Осыған байланысты nofake.kz/ азаматтар арасында жиі кездесетін алаяқтық әрекеттерге назар аударып, мереке алдында сұранысқа ие қызметтер — сыйлық сатып алу, жаңа жылға арналған пәтер жалдау және жеткізу салалары арқылы жасалатын ең көп таралған ТОП-5 алаяқтық тәсілді және олардың құрбанына айналмаудың жолдарын ұсынады.

Біріншісі — жалған интернет-дүкендер мен «жаңа жылдық» жаппай сатылым 

Көп жағдайда алаяқтар желіде жалған интернет парақшаларды ашып, қолжетімді бағада немесе жеңілдікпен техника, бағалы бұйым, тіпті шын мәнінде жоқ брендтерді ұсынуы мүмкін. Мұндай дүкендер, клиенттерге тауарды «жаңа жылдық акция» бойынша сатуға тырысады. Мәселен, төмендегі интернет-дүкен тұтынушыларға жалған алтын бұйымдар сатқан. Желіде бірнеше адам оларға тауар бағасын сұрап жазғанымен, интернет-дүкен кері байланысқа шықпаған. Бұдан оның фейк аккаунт екенін аңғаруға болады.

Комментарий 01,1

Киберқауіпсіздік маманы Қанат Ахатов азаматтарға алаяқ интернет-дүкендердің арбауына түспеу үшін, келесі кеңестерге құлақ түруге кеңес береді. 

«Фейк дүкендерді бірнеше белгі арқылы тануға болады. Біріншіден, мұндай дүкендер көбіне жаңадан ашылады және ұзақ жұмыс істемейді. Егер онлайн дүкен небәрі бір-екі апта бұрын құрылған болса, бұл алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін. Екіншіден, тауар сипаттамасы дұрыс толтырылмайды: атаулар түсініксіз, ретсіз сандармен беріледі. Үшіншіден, танымал маркетплейстерде де қауіп бар. Әсіресе «сұр» импорттағы арзан телефондар жиі кездеседі — олар тіркелмегендіктен Қазақстанда жұмыс істемеуі мүмкін. Сондықтан тауардың бағасы нарықтағы орташа деңгейден тым төмен болса, сақ болған жөн: бұл тауарда ақау бар екенін немесе мүлде жоқ екенін білдіруі мүмкін», — деді ол.

Екіншісі – тауарды жеткізіп беретін компаниялар атынан келетін жалған хабарлама мен қоңыраулар

Мерекеге орай үлкен қалаларда жеткізу қызметіне сұраныс артады. Жалған жеткізіп берушілердің арбауына түсіп қалмаған жөн. Мәселен, ұлттық пошта операторы «Қазпоштаның» атын жамылып, азаматтарға өтірік хабарлама жолдайтын смс-хаттар әлі де таусылар емес. Олардың кейбірі телефон арқылы қоңырау шалса, енді бірі тұрғындарға смс-хабарлама жолдап, келіп тұрған сәлемдемесін алуды сұрайды.

Комментарий 02,1

Компания өкілдері тұрғындарға, жеке деректерді және растау кодын үшінші тұлғаға бермеуге, күмәнді хабарламалардағы сілтемені ашпауға әрі тек ресми ақпарат көзіне сенуге шақырады. 

«Мереке қарсаңында желіде алаяқтар өздерін курьер немесе компания қызметкері ретінде таныстырып, «жеткізуді растау» деген сылтаумен SMS-кодты сұрауы мүмкін. Алаяқтар осы арқылы азаматтардың дербес деректерін алып алады. «Қазпошта» АҚ клиенттермен байланыс үшін ресми SMS-хабарламаны 1499 қысқа нөмірінен ғана жібереді. Қалған номерден келген хабарлама алаяқтардан болуы мүмкін», — деді ұлттық оператор өкілдері. 

Үшіншісі – жаңа жылдық ойындар мен сыйлық-сертификаттар 

Жаңа жыл қарсаңында кең тарайтын тағы бір алаяқтық түрі – түрлі мерекелік ойындар мен жалған сыйлық, сертификат, лотерея ойындары. Мәселен, Threds әлеуметтік желісінде тренд болған – «Құпия санта» ойыны соның дәлелі. 

Каспи

Қаржы нарығын зерттеу және дамыту агенттігі тұрғындарға мұндай хабарламаларға сенбеуге әрі банк картасының деректерін желіге салмауға кеңес береді. 

«Банктік картаңыздың деректерін — карта нөмірін, мерзімін, CVV-кодты, PIN-кодты, SMS арқылы келген құпия кодтарды, логин мен кілт сөздерді ешқашан үшінші тұлғаларға бермеңіз. Банктер мен ресми ұйымдар бұл ақпаратты телефон, SMS немесе мессенджер арқылы ешқашан сұрамайды. Егер біреу сізден осындай деректерді айтуды, ақша аударуды немесе «операцияны растауды» сұраса — бұл алаяқтық болуы мүмкін. Құпия деректерді қорғаңыз. Күмән туындаса, банктің ресми нөміріне тікелей хабарласыңыз», — деп түсіндірді агенттік өкілдері.

Төртіншісі – жалға берілетін пәтерлер жайлы алаяқтық әрекеттер 

Мереке қарсаңында жалға берілетін пәтерлер мен алаяқ риелторлар да көбеюі мүмкін. Қазірдің өзінде желі қолданушылары арасында риелторларға алданып жатқандар бар.

Комментарий

Осыған орай, мамандар пәтерді жалға аларда хабарландырудағы ақпаратқа сақ болуға әрі алдын ала төлем жасамауға кеңес береді. 

«Компания атын жамылып, түрлі күдікті сілтемеге өтпеуге кеңес береміз. Сосын банк картаңыздың деректерін бөгде сайттарға енгізбеу қажет. Мәселен, сізге Krisha.kz-тен хабарлама келуі мүмкін, алайда міндетті түрде дереккөзді тексеріңіз. Яғни, біздің қосымшаның ішіндегі ресми аккаунт көк белгімен (галочкамен) белгіленеді. Біз тек қосымшаның ішіндегі жеке хабарламалар арқылы ғана жауап береміз. Сол сияқты сайттың немесе қосымшаның атауына мұқият қараңыз: егер атауда артық сөз, белгі қосылса немесе әріптер ауыстырылған болса — бұл алаяқтар болуы әбден мүмкін», — дейді мамандар.

Бесіншісіжаңа жылдық турларға қатысты алаяқтық әрекет

Мейрамды пайдаланып, алаяқтық жасайтындар — туристік агенттіктердің де қызметін пайдалануы мүмкін. Олар тұтынушыларға мерекелік тур ұсынып, арзан бағамен клиент назарын аударуы мүмкін.

Комментарий

Мұндай әккі алаяқтардың тұзағына түспеудің жолын туристік агенттік өкілі айтып берді.

«Олар басқа туристік операторларға қарағанда төменгі бағада тур ұсынып, клиент тартуы мүмкін. Ал, бірнеше күннен кейін байланысқа шықпай кетеді. Мысалы, өзге агенттіктерде 1,5 млн тұратын турды 700 мың теңгеге ұсынады. Негізі «Туристік қамқор» атты қор бар. Кез келген заңды түрде жұмыс істейтін агенттік осы сайтқа енуге тырысады. Негізі алаяқтарға тап болмаудың басты жолы — агенттік ұсынған бағаны өзге агенттіктегі бағалармен салыстыру. Егер әрине жоғарыда айтқанымдай бағасы арзан болса, бұл алаяқтар болуы әбден мүмкін», — деді маман.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті жаңа жыл қарсаңында азаматтарды қырағылық танытуға, жеке деректерді, банк карталарының реквизиттерін және растау кодтарын үшінші тұлғаларға бермеуге, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекеттердің барлық жағдайлары туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады.

Оқу үшін