NoFake

Жаңа тұмау түрі тіркелген жоқ — министр Әлназарова

Снимок экрана 2025 11 19

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында соңғы аптада республика бойынша ЖРВИ-дің 183 мың жағдайы тіркелгенін хабарлады. Өткен эпидемиялық маусымдағы дәл осы кезеңмен салыстырғанда, сырқаттанғандар саны 16 пайызға артқан, деп хабарлайды nofake.kz/.

Министрдің айтуынша, эпидемиялық маусым басталғалы 590 жағдай зертханада расталған. Ал жаңа тұмау түрі анықталмаған.

«Биыл тұмаудың айналымы 41-аптада, яғни қазан айының алғашқы жартысында тіркелді. Бұл – өткен маусымға қарағанда ертерек. Қазақстан аумағында бұрын айналымда болмаған жаңа тұмау түрлері анықталған жоқ. ЖРВИ және тұмау белгілері бар науқастарға негриппозды вирустарға да зерттеу жүргізіледі. Ел бойынша риновирус, парагрипп, аденовирус, бокавирус, коронавирус, РС-вирус, метапневмовирус айналымда жүр. ЖРВИ-мен сырқаттанудың жалпы құрылымында 66 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар», – деді Ақмарал Әлназарова.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы аптада республика бойынша 6 мыңнан астам мектеп оқушысы ЖРВИ жұқтырған. Соңғы аптада тіркелген науқастардың шамамен 4 пайызы – мектеп оқушылары. Білім беру мекемелерінде күнделікті мониторинг жүргізіліп жатыр, ЖРВИ және тұмау белгілері бар балаларды анықтау үшін күнделікті таңғы «фильтр» ұйымдастырылған, оқушылардың температурасы тексеріледі және дезинфекциялық режим сақталған.

«Бүгінде ЖРВИ мен тұмау диагнозы қойылған науқастардың шамамен 80 пайызы амбулаториялық ем қабылдап жатыр», – деп атап өтті министр.

Инфекциялық стационар мен мамандандырылған аурухана бөлімшелерінде 10,8 мың орын әзірленген. 18 қарашадағы жағдай бойынша 8,2 мыңнан астам пациент (ересектер – 1430, балалар – 6809) ауруханаға жатқызылған. Ел бойынша төсек-орын жүктемесі 76 пайыз.

Премьер-министр Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге медициналық көмектің сапасын қатаң бақылауды тапсырды.

«Көріп отырғанымыздай, вирустық аурулар маусымы басталды. Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірге көмекке жүгінген азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын бақылауға алуды тапсырамын», – деді Премьер-Министр.

Олжас Бектенов қажет болған жағдайда стационарларда қосымша орындар ашуға және мобильді бригадалардың жұмысын ұйымдастыруға дайын болу керектігін айтты.

Сондай-ақ ол дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды: вирусқа қарсы препараттар барлық дәріханаларда жеткілікті көлемде қолжетімді болуы тиіс. Вирустың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.

Оқу үшін