NoFake

Халықтың 86,7%-ы қолдады: Экзитпол Референдум нәтижесін жариялады

Фото: NoFake.kz

Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша өткен референдумның қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Еуразиялық интеграция институты жүргізген сауалнама қорытындысына сәйкес, референдумға қатысқан азаматтардың 86,7%-ы «Иә, қабылдаймын» деп дауыс берген.

2026 жылғы 15 наурызда өткен референдум күні институт мамандары Қазақстанның 17 облысында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында сауалнама жүргізді. Exit poll референдум учаскелерінен шыққан азаматтар арасында өткізілді.

Зерттеу 200 учаскені қамтыды: оның 129-ы қалаларда, 71-і ауылдық жерлерде орналасқан. Сауалнамаға барлығы 30 мың респондент қатысты. Интервьюерлер азаматтармен face-to-face әдісі арқылы сұхбат жүргізді.

Ұқсас нәтижелерді «Социс-А» кешенді әлеуметтік зерттеулер институты да ұсынды. Институт дауыс беру күні экзитпол ұйымдастырған. Сауалнама ел бойынша 200 сайлау учаскесінен шыққан азаматтар арасында жүргізілді. Оның қорытындысына сәйкес, респонденттердің 87,4 %-ы жаңа Конституцияны қабылдауды қолдап дауыс бергенін мәлімдеген.

Зерттеу деректеріне сай, сайлаушылардың қатысуы 73,8 % болған. Әлеуметтанулық қателік мөлшері ±1,5 %-дан аспайды.

Сонымен қатар, AMANAT партиясының Қоғамдық саясат институты жүргізген тағы бір экзитпол нәтижесі бойынша, сайлаушылардың 88,6 %-ы жаңа Конституция жобасын қолдаған.

Сарапшылардың бағалауынша, аталған зерттеулердің нәтижелері қазақстандықтардың елдің Негізгі заңына ұсынылған өзгерістерді кеңінен қолдағанын көрсетеді.

Айта кетейік, 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституция бойынша референдум өтті. Ел бойынша барлық дауыс беру учаскелері таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істеді. Дауыс беру құқығына сайлаушылар тізіміне енгізілген, 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары ие болды. Тізімге барлығы 12 461 796 адам енгізілген.

Референдум күні ел аумағында 10 388 дауыс беру учаскесі жұмыс істеді. Сонымен қатар Қазақстанның 54 елдегі дипломатиялық өкілдіктері жанынан тағы 71 учаске ашылды. Ал 92 учаскеде, негізінен әскери бөлімдерде, комиссиялар жұмысты ертерек — таңғы сағат 06:00-де бастады.

Оқу үшін