Жаңа 1000 теңгені қолдан жасалған банкноттан қалай ажыратамыз — Ұлттық банк түсіндірді

Фото: Ұлттық банк ресми сайтынан
Қазақстанның Ұлттық банкі 2025 жылдың 28 наурызында айналымға енгізілген 1 000 теңгелік жаңа банкноттың түпнұсқасын жалған банкноттан қалай ажыратуға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Банкнотада рельефті қалыптастыратын – алтын интаглио арнайы баспа тәсілі қолданылған. Қазақстан Республикасының елтаңбасы алтын металл бояудың жоғары бедерлі қабатымен басылған.

Банкнотаның бет жақ шеттерінде шығыңқы, жоғары рельефті элементтер бар. Олар қолмен ұстағанда жақсы сезілетін – көру қабілеті нашар адамдарға арналған белгі.

Банкнота бетінде үзік-үзік түрінде екі түсті қорғаныш жіп те бар. Жарыққа тосқанда ол біртұтас жіп ретінде анық көрінеді. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгерген кезде көк және қызғылт-сары түстердің өзара әсерінен пульсация түрінде динамикалық эффект пайда болады.

Сонымен қатар, банкнотаның бет жағында артефакттың жарқыраған алтын бейнесі түрінде патч голографиялық қорғаныш элементі орналасқан. Банкнотаны аударып қараған кезде номиналдың цифрлық кескіні ою-өрнекке ауысқанын байқауға болады.

Банкнотаның екінші бетінде артефактың көлемі бейнесін көрсететін Спарк элементі орналасқан. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгерген кезде Спарк түсі алтыннан нефрит түсіне өзгереді.

Кейбір жекелеген көркем элементтер банкнотаға алтын түстес жылтырағы бар арнайы – иридисцентті бояумен басылған.

Локальды су белгісінің қорғаныш элементі – электротип. Жарық түскенде номиналдың бейнесінен тұратын электротип белгісі анық көрінеді.


