Жалған «сотқа шақыру»: әлеуметтік желілерде жаңа алаяқтық схема таралып жатыр

Фото: freepik.com
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «сот отырысына қатысу туралы» жалған хабарламалар жаппай таралып жатыр, деп хабарлайды NoFake.kz.
Мамандар бұл интернет алаяқтарының азаматтарды алдауға бағытталған жаңа тәсілі екенін ескертеді.
Алаяқтар SMS, мессенджер немесе электронды пошта арқылы хабарласып, өздерін сот немесе мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде таныстырады. Хабарламада «сотқа келмесеңіз айыппұл салынады», «істі сотқа жеткізбей шешу үшін хабарласыңыз» деген мазмұнда қысым көрсетіліп, арнайы сілтемеге өтуді сұрайды.
Алайда бұл сілтемелер жалған сайттарға апарады. Олар ресми порталдарға ұқсатып жасалғанымен, шын мәнінде пайдаланушылардың жеке деректерін жинауға арналған. Мұндай сайттарда ЖСН, банк картасының деректері мен SMS-кодтарды енгізу талап етіледі. Осындай мәліметтерді беру арқылы алаяқтар азаматтардың қаржысына қол жеткізеді.
Полиция департаменті азаматтарды сақ болуға шақырады. Ресми органдар күмәнді сілтемелер жібермейді және сотқа шақыру тек заңда белгіленген тәртіппен жеткізіледі.
Мамандардың айтуынша, мұндай алаяқтықтан қорғанудың ең тиімді жолы – қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау. Күмәнді хабарламаларды елемеу, белгісіз сілтемелерге өтпеу және жеке мәліметтерді үшінші тұлғаларға бермеу қажет. Қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінген жөн.


