Жалған SMS арқылы банк деректерін ұрлаған: Бас прокуратура жаңа схеманы әшкереледі

Фото: depositphotos
Астанада азаматтардың жеке және банктік деректерін қолға түсіру үшін шамамен 150 мың фишингтік SMS таратқан топтың әрекеті әшкереленді. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
«Астана қаласында елорда прокуратурасының үйлестіруімен азаматтардың дербес деректері мен ақшалай қаражатын иемдену мақсатында фишингтік хабарламаларды жаппай таратумен айналысқан адамдар тобының қылмыстық әрекеті әшкереленді», — делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Тергеу дерегінше, биыл қаңтарда Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірінің азаматы Қазақстан аумағында заңсыз қызмет ұйымдастыру үшін жергілікті тұрғынды ақшалай сыйақыға тартқан. Кейін схемаға арнайы жабдықтың жұмысын қамтамасыз еткен басқа адамдар да қосылған.
Күдіктілер «SMS-бластер» деп аталатын құрылғыны пайдаланған. Ол ұялы байланыс базалық станциясының жұмысын имитациялап, байланыс операторларының сүзгілеу жүйелерін айналып өтуге және SMS-хабарламаларды жаппай таратуға мүмкіндік берген.
«Төрт күн ішінде Beeline, Kcell және Activ абоненттеріне белгілі компаниялардың атынан бонустарды айырбастауды ұсынған шамамен 150 мың SMS жіберілген. Хабарламадағы сілтемені басқан адамдар жалған сайтқа өткен. Онда пайдаланушылардан жеке мәліметтерімен қатар банк картасының деректемелерін, CVV кодын және SMS арқылы келген растау кодын енгізу сұралған. Осылайша қаскөйлер азаматтардың құпия деректері мен банктегі қаражатына қол жеткізген»,-делінген хабарламада.
Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 399-бабының 2-бөлігі — ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдарды заңсыз дайындау, өндіру, сатып алу, өткізу немесе пайдалану бойынша тергеліп жатыр. Қазір төрт күдікті қамауда. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, істің өзге деректері жарияланбайды.


