Жалған митинг: ЖИ-мен жасалған дипфейк тарады

Скриншот
Threads желісінде tek_shyndyk_kz деген аккаунт иесі жасанды интеллектің көмегімен жасалған дипфейк жариялады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Видеода адамдар қолына “Коммуналдық қызмет тегін!”, “Газ, су, свет болсын!” деген плакат ұстаған. Олар “Өмір сүру қиындап кетті” деп те ұрандатады. Дипфейкті бес жүзге жуық адам қарап, ондаған қолданушы пікір қалдырған: видеоның ЖИ арқылы жасалғанын бірден байқап, “жалған” деп жазғандар, фейкке сеніп қалып, қолдап жатқандар да бар.
Видеоны мұқият қарасаңыз, оның дипфейк екенін түсіну қиын емес. Жалған митингіге жиналғандардың беті бірдей мінсіз тегіс әрі аққұба және адамдардың жүзінде эмоция жоқ — тура робот сөйлеп тұрғандай. Плакатта қазақ тілінде «Коммуналық қызмет тегін!» , «Газ, су, свет болсын!» деген сөйлемдер қате жазылған. Оның үстіне видеода “Sora” деген белгі бар.
Sora — OpenAI — бұл дайын мәтінді видеоға айналдыратын генеративтік жасанды интеллект моделі. Модель мәтінге қарай қысқа видеоролик жасайды және суретті видеоға айналдыра да алады.
Біз ақпараттық қауіпсіздік маманынан дипфейктің түпнұсқасын, оның авторын анықтауға бола ма деп сұрадық.
Егер видео Қазақстан нөміріне тіркелген аккаунттан жарияланса, оның авторын анықтауға болады. Өйткені аккаунттың телефон нөмірі жеке тұлғаның ЖСН-іне немесе заңды тұлғаның БИН/БСН-іне тіркеледі. Алайда көп жағдайда нақты авторды табу қиын. Сондықтан видеоның жалған не шынайы екенін анықтау үшін дипфейктерді тануға арналған арнайы құралдарды қолдану қажет. Осындай жағдайлар жиілеп кеткендіктен, бүгінде жасанды интеллект көмегімен жасалған видеоларға міндетті түрде Sora белгісі (плашкасы) қойылады, — дейді ақпараттық қауіпсіздік маманы Қанат Ахатов.
Әлеуметтік желіде дипфейк өте көп кездеседі, оны таратушылардың мақсаты — манипуляция, адамды адастыру. Сондықтан алдануға асықпаңыз. Ақпаратты он ойланып қабылдаңыз.


