NoFake

Жалған медицина қызметкерлері: министрлік ескерту жасады

Фото: depositphotos

Қазақстанда өзін медицина қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға қоңырау шалатын алаяқтар көбейген. Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарды сақ болуға шақырды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Әлеуметтік желілерде емханаға барғаннан кейін күмәнді қоңыраулар түсетіні туралы ақпараттың таралуына байланысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға ескерту жасады. Ведомство белгісіз тұлғаларға SMS-кодтарды, жеке деректерді бермеуге және күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырады.

«SMS-кодтар пациенттерге тек цифрлық сервистерде авторизациядан өту үшін жіберіледі. Медициналық ұйым қызметкерлері телефон арқылы мұндай кодтарды ешқашан сұрамайды. Алаяқтар азаматтардың, соның ішінде егде жастағы адамдардың сенімін пайдаланып, өздерін емхана немесе басқа мекемелер қызметкерлері ретінде таныстырады»,-делінген Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хабарламасында.

Ведомство азаматтарға бірнеше қарапайым сақтық шарасын ұстануды ұсынады:
— SMS-кодтар мен жеке деректерді үшінші тұлғаларға бермеу;
— телефон арқылы алынған ақпаратты тексеру;
— күмәнді қоңыраулар болған жағдайда өз емханасына немесе құқық қорғау органдарына жүгіну.

Сондай-ақ тіркелу мәртебесін eGov.kz, eGov Mobile немесе Damumed қосымшалары арқылы дербес тексеруге болады. Министрлік қазіргі уақытта медициналық жүйелердің бұзылуы немесе рұқсатсыз қол жеткізу деректері тіркелмегенін атап өтті. Ал мұндай қоңыраулар азаматтардың жеке деректері мен қаржылық сервистеріне қол жеткізуге бағытталған кең таралған алаяқтық схемалардың бірі болуы мүмкін.

Оқу үшін