Жалған мәмілелер арқылы пәтер сату: Астанадағы «Qyran» ТК ісі сотқа жолданды

Фото: krisha.kz
Астанадағы «Qyran» тұрғын үй кешенінде жалған мәмілелер арқылы пәтер сату дерегі бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер азаматтарға пәтерлерді сатамыз деп көрсетіп, заңды күші жоқ келісімдер арқылы ақша алған.
Олар «International Invest Company IIC» ЖШС атынан әрекет етіп, сатып алушыларға пәтерлердің макеттерін, техникалық паспорттарын және өзге де құжаттарды көрсеткен. Азаматтарға пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды және автотұрақ орындарын нарықтық бағадан төмен құнымен сатып алу ұсынылған.
«Алайда сатып алу-сату шарттарын жасасудың орнына мемлекеттік тіркеуге жатпайтын брондау шарттары, кепіл туралы келісімдер және алдын ала шарттар рәсімделген», – деп хабарлады елорда прокуратурасы.
Алданған сатып алушылар күдіктілердің жеке шоттарына ақша аударып немесе қолма-қол төлеген. Тергеу дерегінше, күдіктілердің әрекетінен келген шығын көлемі 8 млрд теңгеден асқан.
Соттың санкциясымен жалпы сомасы 7,4 млрд теңгені құрайтын жылжымайтын және жылжымалы мүлікке тыйым салынды. Төрт күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, тағы біріне кепіл шарасы тағайындалған. Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.


