Жалған хабарламаны қалай тексеруге болады

Фото: pixabay.com
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі жалған хабарламаларды бірнеше әдіс арқылы тексеруге болады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Күнделікті өмірде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде түрлі хабарламаларды алып жатамыз. Алайда оның ішінде кейбірін алаяқтар да жолдауы мүмкін. Жалған хабарламаларды қалай тексеруге болады? Төменде нақты қадамдарды ұсынамыз.
Дереккөзді тексеріңіз
Мысалы, егер сізге Үкімет немесе билік басындағылардың жаңа «сенсациялық» жарлығы туралы хабарлама келсе және ол бейтаныс адамнан жіберілсе, сондай-ақ оның бастапқы дереккөзге сілтемесі болмаса сақ болған жөн. Ол үшін, хабарламада айтылған мекеменің ресми сайтынан осы ақпаратты тексеріп көріңіз. Егер сайтта мұндай жаңалық болмаса, демек хабарламаның жалған деген сөз.
Іздеу жүйелерін пайдаланыңыз
Хабарламалардағы негізгі тіркесті көшіріп алып, Яндекс немесе Google іздеу жүйесіне енгізіңіз. Егер ол тіркес дәл сол күйінде еш жерде кездеспесе, бұл сізге манипуляция жасау әрекеті болуы мүмкін. Сонымен қатар, бір-бірін белсенді түрде көшіріп басатын БАҚ-тың да фейктерді таратуы ықтимал екенін естен шығармаңыз. Сондықтан ақпаратты кемінде үш дереккөз арқылы салыстырып тексерген жөн.
Медиафайлдарды тексеріңіз
Егер сізге күмәнді файл келсе, ең алдымен тексерілмеген файлдарды құрылғыңызға жүктеу қауіпті екенін ұмытпаңыз. Сондықтан оның форматына назар аударыңыз. Егер «exe» немесе «apk» форматындағы файлдар болса, бұл медиафайлдың сурет емес екенін білдіреді және ол құрылғыда белгілі бір бағдарламаларды іске қосуы немесе вирус әкелуі мүмкін.
Алдыңызда шынымен фото екеніне көз жеткізген соң, оны (немесе видеодан алынған скриншотты) Яндекс Суреттер, Google Lens немесе TinEye сервистеріне жүктеңіз. Бұл сервистер файлдың бұрын қай жерде жарияланғанын көрсете алады. Ал, видеоның түпнұсқалығын тексеру үшін InVID, Яндекс Видео сияқты құралдарды пайдалануға болады. Олар кадрларды талдап, бастапқы дереккөзді табуға көмектеседі.
Ақпараттың жарияланған күні мен контекстін салыстырыңыз
Жалған хабарламаларда көбінесе ескі ақпарат жаңалық ретінде ұсынылады. Сондықтан жаңалық агрегаторлары арқылы жарияланған күнін тексеріңіз.
Ресми дереккөздерге жүгініңіз
Мысалы, егер күтпеген індеттер туралы жаңалық болса, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) немесе Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайттарынан осы жаңалықты іздеңіз.
Сонымен, мессенджерлерде келіп түскен хабарламаға сенбестен бұрын, алдымен ақпаратты бірнеше дереккөзден тексеріңіз. Бұл дереккөздер әртүрлі көзқарасты ұсынуы мүмкін, бірақ барлығы нақты фактілерге, яғни анонимді аккаунттар емес, беделді басылымдар сүйенуі тиіс. Егер осы қадамдарды орындап отырсаңыз, сіз әрдайым ақпараттың шынайылығын жылдам әрі тиімді тексере аласыз.


