Жалға берілетін электрсамокаттарға жаңа талап: ІІМ өзгерістерді түсіндірді

Фото: Depositphotos
1 шілдеден бастап Қазақстанда жалға берілетін электрсамокаттарды пайдалану тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді, деп хабарлайды NoFake.kz.
«1 шілдеден бастап жалға берілетін электрсамокаттарды пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Енді әрбір жалға берілетін электрсамокатқа тіркеу нөмірі беріліп, осылайша заң бұзған электрсамокаттар камералар арқылы анықталатын болады. Сонымен қатар әрбір самокат қолданатын азаматқа сақтандыру полисі міндеттеледі», – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.
Жаңа талаптарға сәйкес, кикшеринг компаниялары электрсамокаттардың техникалық жағдайын қамтамасыз етуге, олардың жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылауға, белгіленген аумақтарда жылдамдықты автоматты түрде шектеуге, самокаттардың ретсіз қалдырылуына жол бермеуге, олардың есебін жүргізуге және қажет болған жағдайда ішкі істер органдарына тиісті мәліметтерді ұсынуға міндетті.
«Егер электрсамокат пайдаланушысының жүргізуші куәлігі болмаса, оған автокөлік жүретін жолдың жиегімен жүруге рұқсат етілмейді. Бұл талаптың орындалуын кикшеринг сервистері де бақылауы тиіс»,-деді ІІМ өкілі.
Министрлік электрсамокаттар ең алдымен велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен жүруі керектігін еске салды. Ондай жол болмаған жағдайда ғана жолдың оң жақ шетімен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен қозғалуға болады. Тротуарда жүрген кезде жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауы тиіс.
Ал 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады. Сондай-ақ жолдың жиегімен тек 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігінің кез келген санаты бар және арнайы шлем киген азаматтарға ғана жүруге рұқсат етіледі. Бұдан бөлек, электрсамокатпен жолаушы немесе жүк тасымалдауға, жаяу жүргіншілер өткелінен самокаттан түспей өтуге, сондай-ақ қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтерсіз автожолмен жүруге болмайды.


