Жалған жарнама: Астанада гей клуб ашылған жоқ

Фото: nofake.kz/
Әлеуметтік желіде «украиналықтар Астанада гей клуб ашты» деген ақпарат тарады. nofake.kz/ сайтының тілшісі видеода көрсетілген бизнес орталыққа барды. Ғимарат әкімшілігінің қызметкері бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Бизнес орталықта ешқандай да гей клуб жоқ. Алаяқтар жүгіртпе жолды бұзып кірген. Тергеушілер мен прокурорлар алаяқтарды іздеп тауып, оларды жауапқа тартты», — деді орталық әкімшілігінің қызметкері.
Біз Астана қаласы Ішкі істер департаментіне де хабарластық. Баспасөз хатшысы бір ай бұрын гей клубқа қатысты іс тіркелгенін растады. Яғни, алаяқтар жарнама жарияланатын жүйені бұзып кіріп, орталық есігінің маңдайындағы жүгіртпе жолға «Гей клуб!» деп жазып қойған. Мұны ғимаратқа келушілердің бірі видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желіге жариялаған.


