Зеленскийдің атына тіркелген қымбат мүлік туралы ақпарат — жалған

Украина президенті Владимир Зеленский мен оның жұбайына тағылған жылжымайтын мүлік айыбы жалған болып шықты. Мұндай ақпараттардың басты мақсаты – Ресей агрессиясына қарсы күресте Украина жайлы жағымсыз пікір қалыптастыру арқылы елді қолдаушылар санын азайту.
Желіде «жаңалықтар репортажы» деген атаумен бейнематериал тарады. Онда Зеленскийдің 1,2 миллиард доллар тұратын жылжымайтын мүліктің иесі екені айтылған. Видеодағы «мәліметке» сәйкес, Украина Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюросының бұрынғы тергеушісі Елена К. мемлекет құжаттарын Еуропаға алып кетіп, Зеленский мен оның серіктестеріне қатысты заңсыз ақша аударымдары мен жалған компаниялар жайлы ақпараттарды әшкерелеген-мыс. Сондай-ақ президент пен оның отбасы үшін Испания, Франция, Италия, Ұлыбритания және БАӘ-де 100-ден астам элиталы мүлік сатып алынғаны айтылған.
Алайда бұл айыптауларды растайтын нақты дәлел жоқ. Керісінше, бейнематериалдағы дыбыс робот дауысына ұқсайды, бұл — жалған жазбаның белгісі.
Бейнежазбада дереккөз ретінде «The London Telegraph» сайты көрсетілген. Алайда бұл атау әдейі шатастыру үшін қойылған, себебі ол танымал «The Daily Telegraph» пен «London Evening Standard» басылымдарына ұқсайды. Сайттың веб-мекенжайы да күмәнді: ол «.uk» доменімен ғана аяқталады, ал Ұлыбританиядағы беделді басылымдар әдетте «.co.uk» немесе «.com» форматында жұмыс істейді. Сайттағы контент өте аз әрі тек Зеленскийге қарсы мақалаларға толы.
Мақала авторының жеке парақшасы қолжетімсіз. Сарапшылар оның суреті басқа журналистен ұрланғанын анықтаған. Ал қашып кеткен делінген Елена К. есімді әйелге қатысты да сенімді дерек жоқ. Зеленскийге қарсы «құжаттардың» да бар екені дәлелденбеген, шын мәнінде ондай материалдар мүлдем болмаған.
Бұған дейін де Зеленский мен Елена Зеленскаяға «ірі жылжымайтын мүлікке иелік етеді» немесе «Украинаға бөлінген көмекті өз пайдасына жұмсайды» деген айып тағылған, бірақ олардың барлығы жалған болып шыққан.


