«Бос орындар болды» — Алматы облысының әкімі даулы жиынға түсінік берді

Фото: СЦК
Қазан айының ортасында бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желілерде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке қатысты дау туындады. Желіде әкімнің Өтеген батыр ауылындағы есептік кездесуінде залды мұғалімдер толтырып, қарапайым тұрғындар кіре алмағаны туралы ақпарат тарады. Алайда өңір басшысы бұл мәліметті жоққа шығарып, залда бос орындар болғанын және кездесуге барлық азамат еркін кіре алғанын айтты, деп хабарлайды nofake.kz/.
Бүгін, 27 қараша Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев аталған жағдайға қатысты ресми түсінік берді.
«Иә, кездесуде микрофонға шығып, осылай деген адамдар болды. Мүмкін, оларға көрермен керек болған шығар немесе басқа мақсатты көздеді. Бірақ залда бос орындар болды. Кездесу Мәдениет үйінің үлкен залында өтті. Қателеспесем, ол 400 – 450 орынға арналған. Соның шамамен 50-і бос тұрды. Сондықтан жиынға келген адамға орын табылатын еді. Залға кіруге ешқандай шектеу болған жоқ», — деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, Марат Сұлтанғазиев мұғалімдердің кездесуге қатысуы негізді екенін атап өтті.
«Кездесуден кейін анықтағаным — залда тоғыз мектеп директоры болған. Олардың барлығы үш ауысымды оқу мәселесіне қатысты сұрақтарын қойды. Облыстағы 28 үш ауысымды мектептің 18-і Іле ауданында орналасқан, сондықтан бұл тақырып олар үшін өзекті. Мұғалімнің жұмыс уақытынан тыс әкіммен кездесуге келуінде ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпын, ол да қоғам мүшесі», – деді ол.
Әкімнің айтуынша, есептік кездесу жайлы хабар бұған дейін жарияланған. Ақпарат әкімдіктің әлеуметтік желілерінде іс-шараға дейін екі апта бұрын шыққан. Жарияланымдарда кездесудің күні, уақыты және өтетін орны көрсетілген. Осылайша, әр тұрғынның келіп, өз сұрағын қоюға мүмкіндігі болған.


