YouTube-тегі фейк-видеоны қалай анықтаймыз

Фото: YouTube
YouTube платформасында ЖИ көмегімен жасалған немесе өңделген дипфейк-видеолар жиі кездеседі. nofake.kz/ осындай фейк-видеоны анықтау жолын ұсынады.
Бір қызығы мұндай роликтер жалған ақпарат тарату, саяси манипуляция, қаржылық алаяқтық, тіпті адам беделіне келтіру үшін пайдаланылуы мүмкін. Осы ретте жалған видеоконтентті тану — жай ғана пайдалы дағды емес, ол XXI ғасырдағы медиа сауаттылықтың негізгі элементіне айналды. Төменде YouTube-тегі жалған видеоны анықтауға көмектесетін басты белгілерді назарға ұсындық.
Біріншіден. Бет әлпеті мен жарыққа назар аударыңыз. Дипфейктердің ең осал тұсы — адамның бет-бейнесі. ЖИ өте шынайы көрінетін бейнелер жасай алғанымен, олардан аз да болса айырмашылықты байқауға болады. Мәселен, бетке түсіп тұрған жарық сол ортада тұрған жарыққа сай келмейді немесе тері түсі мойын немесе қол түсінен ерекшеленеді. Сол сияқты мұндай видеоларда көлеңке мен шағылыстың шынайы емес екенін аңғаруға болады. Сондай-ақ беттің симметриясына да мән берген жөн. Шынайы өмірде адамның беті симметриялы бола бермейді, ал ЖИ жасаған видеода ол мінсіз, симметриялы болып көрінуі мүмкін.
Екіншіден. Көз бен қасқа мән беріңіз. Көз – адамның жанының көрінісі. Дипфейк видеоларда ол шынайы болмайды. Мысалы, жиі немесе сирек жыпылықтайды, кейде тіпті көз жұмылмауы да мүмкін. Сол сияқты көздің қарашығы тым сұсты, яғни адамға тән емес сипатта болуы мүмкін. Егер видеода адам күлсе, ал оның қасы бір орында қатып, қимылсыз тұрса, мұндай видеоға да күмәнмен қараған дұрыс.
Үшіншіден. Адамның ерні мен оның қалай қозғалатынын бақылаңыз. Ерін қозғалысы мен дыбыстың сәйкес келмеуі — дипфейктің ең жиі кездесетін белгілерінің бірі. Cол үшін төмендегі белгілерге назар аударыңыз:
- ерін қимылы айтылған сөздерге сай келе ме (көп жағдайда сөз ерін қозғалысынан қалып қояды);
- ерін тұсындағы бұлшықеттерге мән беру: шынайы қозғала ма, тоқтап қалмай ма;
- еріндік дыбыстар («п», «б», «м») дұрыс айтылып тұр ма, соған мән беріңіз.
Дауысты да тыңдаңыз. ЖИ-дауыстар көбіне тым бірқалыпты, эмоциясыз немесе жасанды паузалар және қайталаулармен шығады. Егер видеода танымал тұлға болса, оның басқа видеолардағы дауыс тембрі мен сөйлеу мәнерін салыстырыңыз.
Төртіншіден. Аксессуарлар мен ерекше белгілерге мән беріңіз. Көзілдірік, бас киім, әшекей сияқты аксессуарларды қараңыз. Мысалы, көзілдіріктің әйнегіндегі көрініс маңайдағы заттарға сай келмеуі мүмкін. Ал, қалпақтар баста дұрыс тұрмауы мүмкін. Беттегі мең, тыртық, татуировка сияқты ерекше белгілер кейде жоғалып кетеді немесе дұрыс емес жерде пайда болады. Егер мұндай детальдар белгілі фотолармен сәйкес келмесе, видео күмәнді деген сөз.
Бесіншіден. Дереккөз бен контекстті тексеріңіз. Контекст — тексерудің негізгі бөлігі. Өзіңізге видеоны кім жариялады, дереккөз сенімді ме, ұл материал беделді БАҚ-та шыққан ба деген сұрақтарды қойыңыз. Әсіресе деректі немесе тарихи фильм ұсынатын YouTube-арналарға назар аударыңыз. Олардың көпшілігі ЖИ-ді жиі қолданады. Мәселен, синтетикалық дыбыстау, біркелкі субтитрлер, бастапқы дереккөздердің болмауы. Мұндай видеолар тарихқа, соғысқа немесе белгілі тұлғаларға басқаша көзқараспен қарауға бұрмалайды.
Көп жағдайда беделі емес YouTube арналар видеоны танымал ақпарат көздеріне сілтеме жасағандай етіп таратады. Мұндайда аталған видеоның сол ақпарат көзі тарапынан шынымен жарияланған-жарияланбағанын міндетті түрде тексеру қажет. Мысалы, егер белгілі бір телеарнаның эфирінен алынғандай көрінетін видеоны байқасақ, оның ресми сайты мен мұрағаттарында мұндай контенттің бар-жоғын қараған жөн.
Контекстті тексеру кезінде өзге де ақпарат көздерін назардан тыс қалдырмау керек. Атап айтқанда, БАҚ-тағы ескертулер мен жоққа шығаруларды іздеңіз. Сондай-ақ күмән тудырған видеоға тап болған жағдайда, оны бұған дейін анықтап көрген фактчекерлердің ресурстарына жүгініңіз.
Қорыта айтсақ, дипфейк жасау технологиялары дамыған сайын, оларды анықтау құралдары да жетілдіріліп жатыр. Бұл технологиялық жарыста қарапайым қолданушылар ұтылып қалып жатады, сондықтан сыни ойлауды ұмытпау керек.
Сонымен қатар алдын ала тексермей, кез келген күмәнді немесе шулы видеоны бірден дипфейк деп ой қорытудан аулақ болған жөн. Көп жағдайда жалған видеоны анықтау үшін сарапшы болудың қажеті жоқ. Детальдарға мұқият қарап, дереккөзді бағалап, контексті тексеру жеткілікті. Жалған ақпаратқа толы қазіргі заманда ақпараттан хабардар әрі күмәншіл болу — таңдау емес, қажеттілік.


