Wi-Fi қауіпсіздік және кибершабуылдан қорғану жолдары — сарапшы кеңесі

depositphotos.сom
Қазіргі таңда бизнес саласында Wi-Fi арқылы жұмыс істейтін цифрлық құрылғылардың (касса, электронды кезек, ақпараттық панель, терминалдар және медиаэкрандар) саны артып келеді. Бірақ бұл — кибершабуыл қаупін де күшейтеді. Мұндай құрылғыларға бағытталған шабуылдар компанияның қаржысы мен беделіне де нұқсан келтіруі мүмкін.
NoFake.kz редакциясы «Мемлекеттік техникалық қызмет» сарапшыларының жеке кәсіпкерлерге арналған кеңестерін ұсынады.
Сымсыз желіні қорғаудың негізгі ережелері
1. Заманауи шифрлау протоколын қолданыңыз.
WPA3 протоколы ең сенімді қорғаныс болып саналады. Егер ол қолжетімсіз болса, TKIP алгоритмін өшіріп, WPA2 пайдаланыңыз. WEP және WPA секілді ескі жүйелерден бас тартыңыз.
2. Wi-Fi атауын (SSID) өзгертiңiз.
Желінің атауында компанияның аты немесе құрылғының түрі болмауы керек.
3. Қосылымдарды бақылаңыз.
Қай құрылғы мен қай уақытта желіге қосылғанын жазып отырыңыз. Бұл күдіктіні тез анықтауға көмектеседі.
4. Рұқсат етілмеген құрылғыларды шектеңіз.
MAC-мекенжайлар тізімін пайдаланыңыз немесе цифрлық сертификат арқылы тексеру жүйесін енгізіңіз.
5. Зауытта қойылған логин мен парольді міндетті түрде ауыстырыңыз.
«admin / admin» немесе «12345678» сияқты қарапайым құпиясөздерді қолдануға болмайды.
6. Күрделі құпиясөз қолданыңыз.
Құпиясөз кемінде 12 таңбадан тұрып, әріп, сан және арнайы таңбалардан құралсын. Оны уақыт өткен сайын жаңартып тұрыңыз.
7. Құрылғыға физикалық қолжетімділікті шектеңіз.
Wi-Fi роутер, контроллер мен экрандарды жабық шкаф немесе қорап ішіне орнатыңыз.
8. Қолданылмайтын порттарды (USB, Ethernet) бұғаттаңыз.
Бұл — бөтен құрылғының қосылып кету қаупін азайтады.
9. «Қалпына келтіру» және «Қуат» батырмаларына кіруді шектеңіз.
Электр көздері жабық, қорғалған техникалық бөлмеде орналасуы тиіс.
10. Бағдарламалық жасақтаманы үнемі жаңартыңыз.
Маршрутизаторлар мен басқа да желілік құрылғылардың микробағдарламасын уақытылы жаңарту — қорғаныстың маңызды бөлігі.
11. Ескі үлгідегі құрылғыларды алмастырыңыз.
Қауіпсіздік хаттамаларын қолдамайтын техника хакерлер үшін оңай олжаға айналуы мүмкін.
Бұл қарапайым шаралар сіздің Wi-Fi инфрақұрылымыңызды әлдеқайда қауіпсіз етеді, бизнесіңіздің үздіксіз әрі сенімді жұмысын қамтамасыз етеді. Киберқауіпсіздік — тек ірі компаниялар үшін емес, әр кәсіпкер үшін маңызды міндет.


