NoFake

WhatsApp-та енді телефон нөмірінің орнына қолданушы атын пайдалануға болады

Фото: Depositphotos

WhatsApp биыл пайдаланушыларға телефон нөмірінің орнына бірегей қолданушы атын (Username) қолдануға мүмкіндік беретін жаңа функцияны іске қоспақ. Бұл туралы компания 29 маусымда мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Жаңа мүмкіндік арқылы пайдаланушылар бір-бірімен телефон нөмірін жарияламай-ақ байланыса алады. Яғни, басқа адамдар сізді нөміріңіз арқылы емес, арнайы таңдаған Username арқылы тауып, хабарлама жібере алады.

Компанияның мәліметінше, бүгінде WhatsApp-ты әлем бойынша 3 миллиардтан астам адам пайдаланады. Бұған дейін қолданушының телефон нөмірі бар кез келген адам онымен байланыса алатын.

WhatsApp өнім жөніндегі вице-президенті Элис Ньютон-Рекс бұл жаңалықтың басты мақсаты – пайдаланушылардың құпиялылығын күшейту екенін айтты.

Тағы қандай өзгерістер болады?

Жаңа жүйемен бірге WhatsApp пайдаланушыларды анықтаудың жаңа тәсілін де енгізеді.

  • BSUID (Business-Scoped User ID) бизнес үшін негізгі идентификаторға айналады;
  • телефон нөмірі міндетті дерек болмайды – оны бөлісу-бөліспеуді пайдаланушы өзі шешеді;
  • компаниялармен байланыс кезінде Username қолдануға мүмкіндік беріледі.

Бұл өзгерістер әсіресе WhatsApp Business API пайдаланатын компанияларға әсер етеді. Сарапшылар CRM жүйелерін BSUID-ті қолдайтындай етіп алдын ала бейімдеуге кеңес береді. Әйтпесе, телефон нөмірін көрсетпейтін клиенттердің өтініштері жоғалып кетуі немесе бір клиент бірнеше рет тіркелуі мүмкін.

Іздеу қалай жұмыс істейді?

WhatsApp әзірлеушілерінің айтуынша:

  • қолданушы аттарының жалпыға ортақ каталогы болмайды;
  • іздеу кезінде жүйе атауды тере бастағанда никнеймдерді автоматты түрде ұсынбайды.

Бұл да пайдаланушылардың жеке өмірін қорғауға бағытталған шешімдердің бірі.

Жаңа функция бірнеше ай ішінде кезең-кезеңімен барлық пайдаланушыларға қолжетімді болмақ.

Оқу үшін