WhatsApp-та алаяқтардан қорғайтын жаңа функция пайда болды

Фото: Depositphotos.com
WhatsApp-та қауіпсіздікті және қолдану ыңғайлылығын арттыруға бағытталған бірнеше жаңа мүмкіндік пайда болды. Олардың ішінде — белгісіз контактке экран демонстрациясы кезінде ескерту шығару және чаттарды басқаруға арналған жаңартылған құралдар бар, деп хабарлайды nofake.kz/.
Алаяқтардан қорғау
WhatsApp әзірлеушілері экранды көрсетуге байланысты алаяқтық жағдайларын азайтуға көмектесетін жаңа функцияны іске қосқанын хабарлады. Енді қолданушы өзіне контактілер тізімінде жоқ адамға экранды көрсете бастағанда, қосымша ескерту көрсетіп, бұл әрекетті жылдам тоқтатуды ұсынады.
«Біз әрдайым қолданушыларды алаяқтық схемалардан қорғау үшін жұмыс істеп келеміз. Егер сіз экранды бейтаныс контактке көрсете бастасаңыз, WhatsApp ескерту шығарып, сессияны оңай тоқтатуға мүмкіндік береді», — делінген әзірлеушілер хабарламасында.
Бұл шара құрылғыны «баптауға көмектесеміз» деген желеумен алаяқтардың жеке деректерге, банк қосымшаларына немесе құпия ақпараттарға қол жеткізуіне жол бермеуге бағытталған.
Жаңа жадты тазалау
Android жүйесіне арналған WhatsApp-тың соңғы бета-нұсқасында (2.25.34.5) чаттарды тазалаудың жетілдірілген функциясы қосылды. Енді қолданушылар қандай деректерді өшіру керегін нақты таңдай алады: барлық хабарламаларды бірден, тек медиафайлдарды немесе оның жекелеген түрлерін — видео, фото, құжат, аудио не стикерлерді бөлек өшіруге мүмкіндік бар.
Өшіру алдында қосымша жұлдызшамен белгіленген хабарламаларды жою-жоймауды таңдауға мүмкіндік беретін жаңа растау терезесін көрсетеді. Бұл маңызды деректердің кездейсоқ өшіп кетуінен сақтайды.
Компания жаңарту чаттарды тазалау үдерісін жеңілдетіп, түсінікті ете түскенін атап өтті:
«Қолданушылар құрылғыда қандай деректер қалатынын, ал қайсысын қауіпсіз өшіруге болатынын өздері басқара алғанын қалаймыз», — делінген компания блогында.
Бұл функция әзірге тек шектеулі бета-тестерлерге қолжетімді, бірақ алдағы апталарда ол Android қолданушыларының кеңірек тобына таратыла бастайды.
Қателер туралы жылдам хабарлау
Сынақтан өтіп жатқан тағы бір мүмкіндік — техникалық ақаулар туралы тез хабарлау. WhatsApp beta for Android 2.25.34.6 нұсқасында Shake-to-Report функциясы қосылған: қате туралы есеп формасын ашу үшін смартфонды сілкіп жіберу жеткілікті.
Смартфон сілкінісін анықтағаннан кейін қосымша әрекетті растауды сұрайды және есеппен бірге жіберілетін экран скриншотын автоматты түрде жасайды. WhatsApp мұндай скриншоттар құпия бөлімдерде, мысалы профильдерді қарау кезінде жасалмайтынын ерекше атап өтеді — бұл пайдаланушылардың жеке деректерін қорғау үшін маңызды.
Функцияны қалаған жағдайда баптаулардан өшіруге болады. Әзірлеушілердің айтуынша, жаңа жүйе қателерді жылдамырақ анықтап, қосымша тұрақтылығын арттыруға көмектеседі.
«Қолданушылар мәселелер туралы мүмкіндігінше оңай хабарлай алғанын қалаймыз. Бұл ақауларды жылдам түзетуге және WhatsApp жұмысының жақсаруына ықпал етеді», — делінген компания блогында.
Басқа платформаларға арналған жаңалықтар
Android-тегі жаңа мүмкіндіктерден бөлек, WhatsApp басқа платформалардағы қызметтерін де дамытып жатыр. Жақында Mac және Web нұсқаларында Media Hub пайда болды — чаттарда жіберілген соңғы фото, видео және құжаттарды ыңғайлы қарап шығуға арналған бөлім. Ал болашақ нұсқалардың бірінде пайдаланушылар аттарын брондау жүйесі қосылады — бұл Instagram немесе Facebook-тегі никнеймді WhatsApp-та да қолдануға мүмкіндік береді.


