WhatsApp қосымшасы ақылы бола ма

Фото: Vk.com
WhatsApp мессенджері «ертеңнен бастап ақылы болады» деген сарындағы тізбекті хабарлама қайтадан тарап жатыр. Мұндай мәтін сізге де келуі мүмкін. Бұл — жалған ақпарат, деп хабарлайды nofake.kz/.
Мәтінді мұқият қарасаңыз, ол әр жылдары тараған бірнеше фейк-хабарламаның «құрастырылған» нұсқасына ұқсайды.
Біріншіден, хабарламаның ішінде логика жоқ: бір жерінде оны 10 адамға жіберу қажет делінсе, келесі абзацта 20 адамға, ал тағы бір тұста барлық контактқа жолдауды талап етеді. Бұл — тізбекті хаттарға тән классикалық белгі.
Екіншіден, «хронологиясы» шатасқан: жазбада бірде WhatsApp 2017 жылдан бері ақылы деп жазылса, бірде «ертеңнен бастап ақылы болады» деп көрсетіледі. Егер қызмет ақылы жүйеге ауысса, кемі нақты тарифі мен ресми түсіндірме болуы керек. Ал мұнда бағасы да, нақты ресми дерек те жоқ.
Үшіншіден, мәтіндегі «осы ақпаратты 20 адамға жіберсеңіз…» сияқты тіркестер оның автоматты аудармаға немесе шаблонға сүйеніп жасалғанын аңғартады. Бұл — компаниялардың ресми коммуникация стиліне сәйкес келмейді.
Шын мәнінде, WhatsApp-ты Facebook (қазіргі Meta) 2014 жылы сатып алған. Қосымша алғашқы жылдары жылына 1 доллар төлем енгізгенімен, 2016 жылдан бастап тегін модельге көшті. Ал «белгі көк түске өзгереді», «Джим Бальзамик ескертті» деген секілді детальдар — бұрыннан айналып жүрген ойдан шығарылған элементтер. Мұндай фейктердің кейбірі 2012 жылдан бері әртүрлі нұсқада қайталанып келеді.
Не істеу керек?
Хабарламаны ешкімге таратпаңыз;
Ақпаратты тек WhatsApp/Meta-ның ресми арналарынан ғана тексеріңіз;
«Қайта жолдаңыз», «шұғыл таратыңыз» деген мәтіндерге сақ болыңыз.
Айта кетейік, дәл осындай мазмұндағы тізбекті хабарламалар 2021 жылы да қайта өршіген. Мұндай «дүрліктіруші» жазбалардың артында аудиторияны алдау, үрей туғызу немесе кейіннен басқа алаяқтық схемаларға итермелеу әрекеті тұруы мүмкін


