WhatsApp пен Telegram-да жалған ақпаратты қалай тануға болады

Фото: pixabay.com
WhatsApp пен Telegram-да чаттарда жалған ақпаратты анықтау тәсілдері бар. nofake.kz/ олардың ең маңыздыларына тоқтап көрді.
Әлеуметтік желіде жалған ақпарат жиі тарайды. Алаяқтар әсіресе осы мақсатта WhatsApp пен Telegram желісін жиі қолданады. Бұл екі платформа — жалған ақпарат жылдам тарайтын алаңның бірі болып саналады. Мысалы, WhatsApp-тағы топтық чаттарда бір хабарламаны бір сәтте ондаған адамға жіберуге болады. Ал анонимді Telegram-арналар авторларға ақпаратты ешқандай тексерусіз жариялауға мүмкіндік береді.
Сонымен, аталған мессенджерлерде жалған ақпаратты қалай анықтауға болады? Мамандар, мұндайда бастысы үрейге берілмеу керек екендігін айтады. Сонымен қатар адамдардың эмоциясына әсер ететін хабарламаларға — «ауыр науқас балаға көмектесіңіз», «қаладағы су уланды, ақпаратты жылдамдатып жақындарыңа жібер» сияқты хабарламалардың жетегінде кетпеу керек. Мұндайға жол бермеу үшін, төмендегі кеңестерге құлақ түріңіз.
1. Эмоцияның шектен тыс болуы
Егер хабарлама үрей, қорқыныш немесе ашу сияқты күшті эмоция тудырса, бұл оның қауіпті әрі жалған екендігінің алғашқы белгісі болуы мүмкін. Шынайы ақпарат фактілер мен сарапшылардың пікіріне негізделеді, соны ұмытпаңыз. Ал мәтінде леп белгілері тым көп болса, бұл манипуляцияның белгісі болуы мүмкін.
2. Дереккөзге мән беріңіз
Егер ақпараттың ресми сайтқа немесе беделді БАҚ-қа сілтемесі болмаса, сақ болған жөн. Кей кездері тіпті сілтеменің өзі де ақпараттың шынайы екеніне толық кепілдік бере алмайды, сол себепті оны бірнеше дереккөз арқылы тексеру қажет.
3. Хабарламанаың қайта-қайта жіберілуі
Мессенджерлерде бірнеше рет, біреуден біргеуге жіберілген хабарламалар көбінесе жалған болып шығады. Сондықтан ондай хабарламаға мұқият болыңыз.
4. Қателер мен күмәнді детальдарға мән беріңіз
Орфографиялық қателер, қисынсыз даталар немесе күмәнді детальдар жалған ақпараттың белгісі болуы мүмкін.
5. Ақпараттың сенсациялық сипатта болуы
Егер жаңалық шындыққа жанаспайтын, сенсация болып көрінсе, мысалы, вакциналардың құрамында чип бар деп айтылса немесе әлемдік экономика ертең таңертең күйрейді деген мәлімдеме болса — мұндай хабарлама әрине жалған болуы мүмкін.
WhatsApp пен Telegram желісіндегі әр хабарламаны мұқият оқып, ондағы сілтемелерді бірден ашуға да асықпаңыз. Алаяқтар осы сілтеме арқылы сізді алдап соғуы әбден мүмкін. Жалпы әлеуметтік желі мен мессенджерлердегі кез келген ақпаратқа сыни қарауды дағдыға айналдырсаңыз, жалған ақпараттың арбауына түспейтініңіз анық.


