Ұлттық Банк цифрлық теңге атын жамылған алаяқтар көбейгенін ескертті

Фото: Ұлттық банк
Қазақстан Ұлттық Банкі әлеуметтік желілерде цифрлық теңгеге инвестиция салуды ұсынатын жалған жарнамалар көбейгенін мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Ведомствоның мәліметінше, қаскөйлер әлеуметтік желілерде «цифрлық теңге мемлекеттік инвестициялық жобасы» туралы жарнамаларды белсенді түрде таратып жатыр. Олар мемлекет пен Ұлттық Банк атынан сөйлегендей болып, қысқа мерзім ішінде жоғары кіріс пен мемлекеттік қолдауға кепілдік берілетінін айтып сендіруге тырысады.
«Алаяқтар осындай хабарламалар арқылы азаматтарды фишингтік сайттарға бағыттайды. «Шектеулі ұсыныс» немесе «соңғы мүмкіндік» деген сылтаумен адамдарды жалған жобаға ақша салуға үгіттейді. Жалған платформаларда пайдаланушыларды қайта инвестиция жасауға итермелеу үшін «өсіп жатқан табысты» көрсететін жеке кабинет интерфейсі жасалады. Осы тәсіл арқылы қаскөйлер азаматтардың қаражатына қол жеткізеді»,-деді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Ұлттық Банктің түсіндіруінше, цифрлық теңге — ұлттық валютаның цифрлық нысаны және заңды төлем құралы ғана. Ол инвестициялық құрал болып саналмайды және табыс табуға арналмаған.
Осыған байланысты Ұлттық Банк азаматтарды интернеттегі жарнамалардағы күмәнді сілтемелерге өтпеуге және белгісіз нөмірлерден келіп түсетін қоңырауларға сақтықпен қарауға шақырды. Ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеріп, қашықтан қол жеткізуге арналған бағдарламаларды орнатпау ұсынылады.
Сондай-ақ азаматтарға дербес деректерді жария етпеу, SMS-кодтарды және банк картасының деректемелерін ешкімге бермеу, үшінші тұлғалардың шоттарына ақша аудармау қажеттігі ескертілді.
Ұлттық Банк қызметкерлері аудио немесе видеоқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, инвестициялық жобаларға ақша салуды ұсынбайтынын, қаржы құралдарын сақтандырумен айналыспайтынын және халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейтінін атап өтті.


