NoFake

ҰБТ-дан жоғары балл жинағандар не себепті грантқа ілікпеді: министр түсіндірді

Фото: ortcom.kz

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҰБТ-дан жоғары балл жинап, грантқа түсе алмаған мектеп түлектері жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Желі неге шулады?

Естеріңізде болса, мемлекеттік грант иелерінің тізімі шыққан сәтте, әлеуметтік желіде ел бойынша ҰБТ-дан жоғары балл жинаса да, грантқа түсе алмаған түлектердің пікірі жиі кездескен еді.

Скриншот: әлеуметтік желі

Грант мемлекет тарапынан сұранысқа ие мамандықтарға көп бөлінетіні рас па?

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ең алдымен мамандықтарға гранттар мемлекеттік тапсырыс бойынша бөлінетінін атап өтті.

«Гранттар түлектер тек тегін білім алу үшін ғана бөлінбейді. Олар мемлекет тарапынан сұранысқа ие, экономикаға қажет салаларға көп бөлінеді. Бұл жерде түлектерде таңдау бар. Егер ол қалаған мамандықта оқығысы келсе де, алайда ол мамандық мемлекет тарапынан сұранысқа ие болмаса, онда ақылы түрде оқуға тура келеді», — деп түсіндірді министр.

Балл жоғары, грант жоқ — министр себебін түсіндірді

«Түлектердің балы жоғары болса да, олар қалаған мамандыққа грант саны аз бөлінуі мүмкін. Мысалы, дәл осындай жағдай заңгер мамандығымен болды. Грант саны республика бойынша 200 ғана, ал тапсырған түлектер саны 10-12 мыңнан асады. Тиісінше, тіпті түлек ең жоғары балл жинаса да, грантқа тек үздік 200-і ғана түседі. Неге грант аз? Себебі, өздеріңіз білесіздер, нарықта бұл мамандық иелері көп, демек мемлекеттен сұраныс та аз, бұл бірінші аспект», — деп түсіндірді ол.

Квотасы бар түлектер жалпы конкурсқа түсетін түлектермен бірге грантқа таласа ма?

«Квотаның да бірнеше түрі бар. Ауыл квотасы, арнайы осал топтарға арналған квота және т.т. Олар көп емес болуы мүмкін, бірақ бар. Біз оларға да жағдай жасауымыз керек. Бұл жерде тағы «квотамен 50 балмен түсіп, 100 балмен түсе алмаймын» дегендер болады. Бірақ квотасы барлар жалпы конкурсқа түсетіндермен грантқа таласпайды. Осыны ескеру қажет. Олардың арасында грант бөлек іріктеледі», — деді министр.

Грантқа түсудің шектік балын университеттер өздері қояды — министр

«Қазір көптеген ЖОО-дар грантқа түсудің шектік балын өздері қояды. Біз оларға сондай мүмкіндік бердік. Мысалы, олар жылына мына мамандыққа осынша студент қана қабылдаймын деп айтуы ықтимал. Себебі, университеттерде оған қажетті инфрақұрылым да болмауы мүмкін. Сөйтіп, ұлттық, тіпті кейбір жекеменшік университеттер де грантқа түсуге қажет шектік балды көтере бастады», — деді ол.

Түйін

Сонымен, грант саны талапкерлердің жинаған балына ғана емес, мемлекет пен еңбек нарығындағы нақты сұранысқа да байланысты бөлінеді. Сондықтан белгілі бір мамандыққа грант аз бөлінсе, жоғары балл жинаған талапкердің де грантқа түсу мүмкіндігі шектеулі болуы ықтимал. Ал квота санаттарына жататын талапкерлер грант үшін жалпы конкурсқа қатысушылармен бірге емес, өз квотасы шеңберінде бөлек іріктеледі. Сонымен қатар қазір кейбір жоғары оқу орындары грантқа қабылдаудың шектік балын өздері белгілеуге мүмкіндік алған.

Оқу үшін