Тұзсыз қысқы жолдар: әдеттегі реагентті не алмастырады

Фото: Gov.kz
Қазақстанда елді мекендер аумағында қысқы жол күтімінде ас тұзын қолданудан кезең-кезеңімен бас тарту басталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі хабарлады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Министрлік мәліметінше, бұл шешім топыраққа, жасыл желекке және қалалық экожүйеге келетін зиянды азайтуға бағытталған.
«Экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес, қысқы тайғаққа қарсы күресте ас тұзын қолдану елді мекендер аумағында шектеледі. Бүгінде тұздың орнына экологияға қауіпсіз, тиімділігі дәлелденген балама материалдар бар», — делінген ресми хабарламада.
Көлік ведомствосының мәліметінше, көше-жол желісін қысқы күтіп-ұстауға арналған барлық жаңа материалдар арнайы тексеруден өтеді. Бұл процесті Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты жүргізеді.
«Жол саласында қолданылатын тайғаққа қарсы материалдар Жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасында тіркелуі тиіс. Бұл база Қазақстан жағдайына бейімделген, сынақтан өткен және қауіпсіз шешімдерді таңдауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті институт мамандары.
Ресми дерекке сәйкес, бүгінде аталған базада қысқы жол күтіміне арналған бірнеше отандық реагент тіркелген. Олардың барлығы хлоридсіз, яғни жол инфрақұрылымына, инженерлік нысандарға және қоршаған ортаға зияны аз. Министрлік өкілдері тұздан бас тарту эксперимент емес екенін айтады.
«Бұл — қауіпсіздік пен экология арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған саналы таңдау. Жаңа реагенттер көктайғақтың алдын алып, жолдағы ілініс деңгейін төмендетпей қамтамасыз етеді», — делінген баспасөз релизінде.
Айта кетейік, тайғаққа қарсы жаңа материалдарды қолдану үрдісі ҚР СТ 4036–2025 ұлттық стандартының қабылдануымен күшейе түсті. Құжат қалалық ортада қолданылатын реагенттерге бірыңғай техникалық талаптарды белгілейді.


