ТЖМ iPhone және қытай смартфондарының иелеріне ескерту жасады

Фото: Gov.kz
Төтенше жағдайлар министрлігі Қытайда өндірілген смартфондар мен кейбір iPhone иелеріне үндеу жасады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Министрлік хабарлауынша, Қытайда өндірілген құрылғылардың пайдаланушылары төтенше жағдайда жедел хабарламаларды алмау қаупіне ұшырауы мүмкін. Таратылған хабарламада айтылғандай, Қазақстанның ТЖМ ұялы құрылғылар арқылы Cell Broadcast технологиясын пайдалана отырып, халықты жедел хабардар ету жүйесін енгізуде.
«Сейсмикалық белсенділікке бейім 11 басым өңір айқындалды. Mass Alert ақпараттық жүйесіне Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында қосылу қамтамасыз етілген. Жүргізіліп жатқан жұмыстар барысында қытайлық сауда маркаларына жататын кейбір мобильді құрылғыларда (Huawei, Xiaomi және басқа да) Cell Broadcast жедел хабарлау қызметі операциялық жүйе баптауларында әдепкі бойынша өшірулі екені анықталған. Соның салдарынан мұндай құрылғылардың иелері Mass Alert ақпараттық жүйесі арқылы таратылатын төтенше хабарламаларды алмауы мүмкін», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар төтенше хабарламаларды алмау қаупі мына жағдайларда сақталады:
— iOS 18 нұсқасынан төмен операциялық жүйесі бар iPhone құрылғыларында;
— Қазақстан Республикасының аумағына ресми сертификаттаусыз басқа елдерден әкелінген мобильді телефондарда;
— Қазақстан Республикасындағы ұялы байланыс операторларының желілерінде тіркелмеген құрылғыларда;
— Қазақстан Республикасында пайдалануға арналмаған, яғни «рұқсатсыз енгізілген» мобильді құрылғыларда.
Аталған құрылғыларда Cell Broadcast хабарламаларын қабылдау баптаулары шектеулі болуы, мүлде болмауы немесе дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін. Бұл жағдай қауіп төнген кезде немесе төтенше жағдайлар туындағанда азаматтардың жедел ақпаратты уақытында алмауына әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты Министрлік азаматтарға мыналарды ұсынады:
— мобильді телефонның баптауларында жедел хабарламалар (Cell Broadcast) функциясының бар-жоғын және қосулы тұрғанын тексеріңіз;
— Қазақстан Республикасына ресми түрде әкелінген және тіркелген мобильді құрылғыларды пайдаланыңыз;
— смартфонның операциялық жүйесін уақытылы соңғы нұсқаға дейін жаңартып отырыңыз.
Еске салайық, 2024 жылдың басында Алматыда сезілген жер сілкінісі кезінде iPhone иелері жедел ескертулерді алмады, ал Android жүйесіндегі телефон пайдаланушыларына хабарламалар бірден жеткен.


