NoFake

ҚР ТЖ министрлігі Қазақстанның оңтүстігінде жер сілкінгенін растады

Depositphotos

Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің оңтүстігінде жер сілкінгенін растады, деп хабарлайды nofake.kz/.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедициясы» ЖШС-ның мәліметінше, 2025 жылғы 6 қазан күні Астана уақытымен сағат 01:29-да жер сілкінісі тіркелді.

Дүмпу Жамбыл облысы мен Шымкент қаласында сезілген. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан шамамен 465 шақырым қашықтықта, Қырғызстан аумағында орналасқан. Координаттары – 42.270° солтүстік ендік және 71.378° шығыс бойлық, тереңдігі – 10 шақырым. Жер сілкінісінің энергетикалық  санаты 13,3, магнитудасы MPV 5,9 болған.

Дүмпу сезілген аймақтар

Төтенше жағдайлар министрлігінің деректеріне сәйкес, дүмпу бірқатар елді мекенде 2- 4 балл аралығында сезілген:

• Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылы – 4 балл (63 шқ)

• Тараз қаласы – 4 балл (68 шқ)

• Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы – 4 балл (82 шқ)

• Жамбыл ауданы, Аса ауылы – 4 балл (87 шқ)

• Түлкібас ауданы, Тұрар Рысқұлов кенті – 4 балл (89 шқ)

• Төле би ауданы, Ленгер қаласы – 3 балл (123 шқ)

• Қаратау қаласы – 3 балл (124 шқ)

• Манкент, Ақсукент, Сайрам, Шымкент – 3 балл (124–146 шқ)

• Мерке, Қазығұрт, Темірлан, Шаян – 3 балл (161–184 шқ)

• Жаңатас, Сарыағаш, Арыс – 2 балл (196–213 шқ)

• Келес, Шу, Шолаққорған – 2 балл (226–250 шқ)

• Отырар, Мойынқұм, Кентау, Түркістан – 2 балл (253–280 шқ)

• Қордай, Мырзакент, Шорнақ, Жетісай, Шардара – 2 балл (286–305 шқ)

Earthquake Alerts System хабарлауынша, жер сілкінісінің магнитудасы 5,4 балл болды. Сілкініс ошағы Қырғызстандағы Жалал-Абад облысының батысындағы Қара-Буура ауданында Өзбекстан шекарасына таяу маңда тіркелді. Қырғызстандағы жер асты дүмпулері Бішкекте және шекаралас өңірлерде сезілді.

Скрин әлеуметтік желіден

Министрлік өкілдерінің мәліметінше, ТЖМ күштері мен техникалары кез келген жағдайға әрекет етуге толық дайын. Қираған ғимараттар мен зардап шеккендер туралы ақпарат әзірге түспеген.

«Төтенше жағдайлар министрлігі ахуалды үздіксіз бақылап отыр және өңірлермен тұрақты байланыста», — деп хабарлады ведомство.

Дабыл жүйесі жаңылысты — Алматыдағы оқиға

Бұған дейін, 21 қыркүйекте сағат 16:26 шамасында Алматы тұрғындарының телефонына жер сілкінісі туралы төтенше хабарлама түскен болатын. Алайда қалада дүмпу сезілген жоқ.

ТЖД мәліметінше, MasAlert автоматты жүйесі қате іске қосылған.
Сейсмологтардың айтуынша, Алматыдан 9 шақырым жерде магнитудасы 3,8 жер сілкінісін тіркегенімен, ол сезілмеген.

ТЖД бастығының м.а. Дамир Ермағамбетов тұрғындарды сабыр сақтауға шақырып, афтершок күтілмейтінін мәлімдеді.

Құзырлы орган кейін түсіндіргендей, Ақжардағы сейсмостанция алғашқы сигналды тіркеп, жүйе автоматты түрде хабарлама жіберген.

Полиция департаменті жалған немесе дүрбелең туғызатын ақпарат таратқандар Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін ескертті. Министрлік азаматтарды сабыр сақтауға және тек ресми ақпарат көздерінен мәлімет алуға шақырды.

Оқу үшін