Түйенің зәрі қатерлі ісікті емдемейді

Коллаж: nofake.kz/
Соңғы жылдары кей қазақстандық түйенің зәрін қатерлі ісікке ем деп ішіп жүр. Тіпті отандық бірнеше БАҚ-та ауыр дертке шалдыққандарды түйенің зәрімен қатерлі ісікті емдейтіндер туралы жазылған.
Түйенің зәрі қатерлі ісікке расымен ем бе деген сұрақтың жауабын nofake.kz/ зерттеп көрді. «Түйе зәрі қатерлі ісікті емдей ме?» деген сұрақты ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының профессоры, онколог Диляра Қайдаровадан сұрадық.

«Бүгінгі дәлелді медицинада жалпы қандай да бір жануарлардың зәрінің ісікке қарсы белсенділігін растайтын зерттеулер жоқ. Шұбаттың немесе түйе зәрінің онкологиялық ауруларды емдеудегі тиімділігі жайлы беделді халықаралық медициналық журналдарда да ғылыми жарияланымдар кездеспейді. Қатерлі ісікті емдеудің барлық түрлері клиникалық ұсынымдар мен халықаралық хаттамаларға сүйенуі керек, мұндай өнімдер ол хаттамаларда емдік құрал ретінде қарастырылмайды», — деді дәрігер.
Кері әсерлері қандай
Онколог маманның айтуынша, қатерлі дертке ұшыраған науқас түйенің зәрін ішетін болса, оның бірнеше кері әсері бар.
«Иммунитеті әлсіреген науқастарда инфекциялық асқынулар қаупі жоғарылайды, дәлелденген емді кешіктіру және халықтық әдістерге үміт арту салдарынан ауру асқынуы мүмкін. Аллергиялық реакциялар мен ас қорыту жүйесінің бұзылуы ықтимал. Дәрігерлер әрдайым пациенттермен ашық диалогқа дайын. Алайда обыр секілді күрделі диагноз кезінде негізгі емді дәстүрлі емес тәсілдермен алмастыруға болмайды. Сондай-ақ, шұбатты да қатерлі ісікке қарсы емдік сусын ретінде пайдаланатындар аз емес. Шұбат – ашытылған сүт өнімі ретінде шынымен де қоректік құндылыққа ие сусын. Оның құрамында адам ағзасының жалпы жағдайын, әсіресе қалпына келу кезеңінде қолдауға көмектесетін пайдалы микроэлементтер мен пробиотиктер бар. Алайда, оның да обырға (рак) қарсы әсері ғылыми тұрғыда дәлелденбеген» — деп түйіндеді онколог Диляра Радикқызы.
Редакция Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына да хабарласты. Ондағы дәрігерлердің сөзінше, институт алдында емделушілерге «түйенің зәрін» ұсынатын белгісіз ер адам бар. Институт онкоурологы Дәулет Оспанов адамдар ақпараттың жоқтығынан және онкологиялық ауруларды емдеу туралы түсінігінің шектеулілігінен түйе зәрін ем ретінде қабылдайды дейді.
«Егер нақты түйенің зәрі туралы айтатын болсақ, ол қандай да бір терапиялық препарат емес, онкологиялық ауруларды емдеуде емдік қасиеттерге ие емес. Бұл «терапияның», егер оны солай атауға болатын болса, ешқандай дәлелденген негізі жоқ, оң нәтижелері де жоқ. Өкінішке қарай, мұндай емдеудің кері әсерлері бар. Адамдар осы ақпараттың жоқтығынан, бұл ауруды емдеу туралы білімінің болмауынан түйе зәрін терапия ретінде қабылдай бастайды. Мұндай емнің қауіптілігі – сіз оның стерильдігіне сенімді бола алмайсыз. Көп жағдайда жануарларда түрлі инфекциялар болуы мүмкін. Олар сіздің ағзаңызға кері әсер етіп, қабыну процестеріне немесе улануға алып келуі мүмкін», — деді маман.


