Туроператор алаяқтарына алданбаудың амалы — Сарапшы кеңесі

Коллаж nofake.kz/
Жылда мыңдаған қазақстандық шетелге саяхатқа шығуды жоспарлап, өздеріне ұнаған турпакеттерді алдын ала брондайды. Алайда жалған туроператорлардың арбауына түсіп, қыруар қаражатынан да, армандаған демалысынан да айырылып қалатын отандастарымыздың саны аз емес.
nofake.kz/ тілшісіне «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының директоры Асылхан Есілов жалған туроператорлардың белгілерін, жағымсыз жағдайларға ұрынбаудың жолдары мен құқықбұзушылықтар туындаған жағдайда қалай әрекет ету керектігін айтты.
Алаяқтардың әдісі
— Алаяқтар танымал турфирмалардың логотиптерін өз сайттары мен парақшаларында заңсыз пайдаланып, турларды көбіне «арнайы ұсыныс бойынша» өте төмен бағамен сатады,
— мессенджерлерде тез арада шешім қабылдауды талап ететін «тиімді» ұсыныстары бар хабарламаларды таратады,
— турлардың жылдам рәсімделетініне кепілдік береді;
— тур бағасының толық не жарты мөлшерін алдын ала төлеуді талап етеді;
-қаражатты кәсіпорынның шотына емес, жеке тұлғаның картасына аударуды сұрайды;
-саяхаттың құны, тараптардың жауапкершілігі мен шұғыл жағдайлардың ерекшеліктері көрсетілген ресми келісімшарттың жоқтығы.
Туроператорды тексерудің жолдары
Алаяқтардан өзіңізді қорғау үшін туроператорды мұқият тексеру қажет. Туристік агенттікті тексерудің сенімді тәсілдерінің бірі – «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының «Туркод» атты жүйесіне жүгіну.
Туркодты қалай тексересіз
-fondkamkor.kz сайты арқылы,
-TourCode қосымшасы арқылы
-Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы ақпараттық стендтерде.
Желіде туроператорға қатысты жазылған қолданушылардың пікірімен танысыңыз. Алайда олардың барлығына бірдей сенуден аулақ болған жөн. Сондықтан бір емес, бірнеше платформаға кіруге ерінбеңіз. Әсіресе, теріс пікірлерге, туроператордың ақшаны қайтармағаны туралы шағымдарға мән берген дұрыс.
Саяхатқа турларды кеңселері бар, нарықта бұрыннан жұмыс істейтін компаниялардан сатып алуға тырысыңыз. Егер менеджерлер тек мессенджерлер арқылы ғана байланыста болып, ақшаны жеке тұлғаның шотына жіберуді талап етсе, өзіңіздің алаяққа жолыққаныңызға еш күмәніңіз болмасын.
Менеджермен сөйлесу кезінде ресми келісімшарт жасасу қажеттігін талап етіңіз. Сенімді операторлар бұл талабыңызға түсіністікпен қарайды. Келісімшартта өзіңіз баратын ел, сапардың күндері, қонақүйдің сипаттамасы, тараптардың құқықтары мен жауапкершілігі сияқты жайттар ескерілуі тиіс. Бұл құжатсыз сіз тиісті органдарға шағым түсіру қиынға соғады.
Турды қауіпсіз рәсімдеудің басты қағидалары
Турды рәсімдеу кезінде туркодты талап ету – ең басты шарт. Ол сіздің құқықтарыңыздың қорғалуын және қажет жағдайда «Туристік Қамқор» қоры арқылы елге қайтуыңызды қамтамасыз ететінін ұмытпаңыз. Егер туроператор сізге туркод бермесе, бұл оның жоғарыда аталған жүйенің ресми қатысушысы емес екендігін білдіреді. Ақшаны операторға бірден аударуға асықпаңыз.
Келісімшарт берілсе де, ақшаны қайтару жағдайлары, айыппұлдар, сақтандыру сияқты шарттарды мұқият зерделеңіз. Қаражатты жеке тұлғаның картасына емес, тек компанияның есептік шотына аударыңыз. Менеджерлермен жүргізген барлық хат алмасуларды, чектерді сақтап қойыңыз. Мұндай деректер сізге сот немесе полицияның көмегіне жүгіну кезінде қажет болуы мүмкін.
Алаяқтарға тап болсаңыз…
Қызмет көрсететін туристік фирма арасында даулы жағдай туындадағанда қазақстандықтар полиция қызметінен бөлек, ҚР туристер құқықтарын кепілдендіру жүйесінің әкімшісі — «Туристік Қамқор» қорына +7 700 112 2 112 (WhatsApp, Telegram) нөмірі арқылы хабарласа алады.
Қор өтінімдерді тәулік бойы қабылдайды. Шағымдарды, сондай-ақ, fondkamkor.kz ресурсы арқылы да түсіруге болады.
Қорға келіп түскен өтінімдерді мамандар қарастырады. Жағдайға байланысты туристерге консультациялық және құқықтық қолдау көрсетіліп, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған шаралар қолданылады.
Анықтама: «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры – Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау мақсатында 2016 жылы құрылған мемлекеттік жүйенің әкімшісі. Қордың басты міндеті – туроператор немесе чартерлік туроператор (жалға алушы) өз міндеттемелерін орындай алмаған жағдайда, уақытша шетелде жүрген Қазақстан азаматтарын еліміздің аумағына жедел қайтаруды қамтамасыз ету. 2016 жылдан бері қор 15 мыңнан астам қазақстандық туристке көмек көрсеткен.


