NoFake

Түркістандағы жатақхана дауы: министрлік студенттердің видеосына жауап берді

Скрин видеодан

Қызметкерлер тарапынан қысым көрдік деген Түркістандағы көпсалалы индустриалды-техникалық колледждің жатақхана студенттерінің әлеуметтік желіде тараған видеосына қатысты Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ресми жауап берді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Комитет мәліметінше, аталған жағдай бойынша Түркістан облысының Білім басқармасы арнайы жұмыс комиссиясын құрып, жатақханаға барып тексеру жүргізген.

«ҚР заңнамасына сәйкес кәмелетке толмаған білім алушыларды жұмысқа мәжбүрлеуге, сондай-ақ оларға қысым көрсетуге жол берілмейді. Бұл – бала құқықтарын бұзу және балалар еңбегін пайдалануға тыйым салатын талаптарға қайшы әрекет», – делінген комитет хабарламасында.

Сондай-ақ тексеру нәтижесінде жауапты тұлғаларға тәртіптік шара қолданылғаны айтылды.

«Тексеру қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Студенттер мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», – деп мәлімдеді комитет.

Еске салайық, әлеуметтік желіде Түркістандағы көпсалалы индустриалды-техникалық колледждің жатақханасында тұратын студент қыздар қысым көргенін айтып видео жариялаған болатын. Олардың айтуынша, тексеріс қарсаңында өз бөлмелерінен бөлек, жігіттердің бөлмелері мен санитарлық тораптарды тазалау талап етілген. Талаппен келіспеген студенттер жатақханадан шығару туралы ескерту жасалғанын және ата-аналарына шағым айтылғанын мәлімдеген еді.

Оқу үшін