Туды көлікке ілген азаматтар жауапкершілікке тартылып жатыр: ІІМ түсініктеме берді

Фото: IIM
Желіде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көлікке ілу мәселесі қызу талқыланып жатыр. ІІМ аталған жайтқа қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Министрліктің мәліметінше, еліміз бойынша полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың 82 дерегін анықтап, жолын кескен.
«Аталған тұлғалар Мемлекеттік туды пайдалана отырып, жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзған, сондай-ақ автокөліктердің қозғалысына кедергі келтіріп, өздерінің және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірген. Мұндай жағдайларда полиция бейжай қарай алмайды және заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдауға міндетті», — деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Министрлік, сонымен бірге «Жол қозғалысы ережелерін бұзған жекелеген азаматтар өздерін Мемлекеттік туды пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартты» деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
«Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Аталған тұлғалар Мемлекеттік туды пайдаланғаны үшін емес, нақты жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін заң аясында жауапкершілікке тартылды. Осыған байланысты, жалған ақпарат таратқаны үшін де жауапкершілік көзделгенін ескертеміз. Сонымен бірге, жүргізілген тексеру нәтижесінде Алматы және Шымкент қалаларында жекелеген жағдайларда полиция қызметкерлері заңсыз, құқыққа қайшы әрекеттерге барғаны анықталды. Мұндай әрекеттерге мүлдем жол берілмейді. Аталған фактілер бойынша нақты шаралар қабылданды. Нақтырақ айтсақ, 8 полиция қызметкері, оның ішінде басшылық құрам өкілдері тәртіптік жауапкершілікке тартылса, тағы 4 қызметкер атқарып отырған лауазымдарынан босатылды», — делінген хабарламада.
Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі заңдылық пен заң алдында баршаға теңдік қағидаттарын дәйекті түрде ұстанатынын хабарлады. Ведомство өкілдері азаматтар, полиция қызметкерлері тарапынан болсын құқық бұзушылықтар орын алса, заңға сәйкес тиісті құқықтық баға берілетінін атап өтті. Сонымен қатар, министрлік тұрғындарды мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарап, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.


