NoFake

Тоқаевтың сынынан кейін Шымкент полиция басшысы қызметінен кетті

Фото: Gov.kz

Бұл шешім 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты Құрылтайда Мемлекет басшысының сынынан кейін қабылданған, деп хабарлайды nofake.kz/.

«Құқықтық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы және оның бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды. ІІМ заңды бұзуға ықпал ететін кез-келген фактілерге, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен қатыгездік көріністеріне қатысты нық принципті ұстанады. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу барысы ІІМ бақылауында. Тәжірибелі қызметкерлер қатарынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды»,- делінген ресми хабарламада.

ІІМ мәліметінше, Өзіндік қауіпсіздік департаменті Қаратау ауданы полиция басқармасының қызметкерлерінің марқұм қыздың туыстарының өтініштерін тиісінше қарамаудың ықтимал фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

«Қылмыстық іс шеңберінде жедел ден қоймау және уақтылы шаралар қабылдамау бойынша барлық дәйектер жан-жақты тексерілетін болады. Тергеу қорытындысы бойынша заңда белгіленген тәртіппен лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Сонымен қатар қызметтік тергеу жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша басқарушылық жауапкершілік негізінде тәртіптік шаралар қабылданды»,- деді өңірлік полиция департаменті.

Еске салайық, 11 қаңтарда Шымкентте пышақ жарақаттарының салдарынан 21 жастағы студент Нұрай Серікбай қаза тапты. Интернетте тараған бейнежазба кадрларынан қыздың қашып құтылуға тырысқаны, кейін қарсылық көрсеткені, ал жас жігіттің оны ұрып-соғып, пышақпен бірнеше рет соққы жасағаны көрінеді. Осыдан кейін күдікті қылмыс орнынан бой тасалаған. 13 қаңтарда полицейлер күдіктіні қала сыртынан, Шымкенттен шамамен 10 шақырым жерде ұстады. Ол марқұмның танысы болып шыққан 28 жастағы жергілікті тұрғын. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Оқу үшін