Тоқаев жаңа Конституция жобасының негізгі ерекшеліктерін түсіндірді

Фото: Aqorda
Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Мемлекет басшысы тіл саясаты, билік жүйесіндегі өзгерістер, азаматтардың құқықтарын қорғау және Алатау қаласына қатысты арнайы құқықтық режим туралы айтты.
Қазақ тілінің мәртебесі
Президент жаңа Конституцияда мемлекеттік тілдің мәртебесі төмендейді деген пікірлерді негізсіз деп атады.
«Жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесін төмендетіп жатыр-мыс деген күңкіл әңгіме айтылып жүр. Мұндай мақалаларды оқудың өзі қызық: стилистикалық және грамматикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. Авторлар орыс тілі үшін алаңдайды, бірақ өздері оны дұрыс меңгермеген. Ал жаңа Конституция мәтіні ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде бірдей заңды күшке ие болып жарияланады. Сондықтан бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекеттік тілдің мәртебесі нақты бекітілгенін айтты.
«Қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салудың қажеті жоқ. Жаңа Конституция жобасында “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі” деп нақты жазылған. Ана тіліміз тек көркем әдебиетте ғана емес, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылуы тиіс. Ең маңыздысы – жастар арасында қазақша сөйлеу сәнге айналды. Басқаша айтқанда, қазақ тілінің болашағы жарқын», – деді президент.
Азаматтардың құқықтары мен жеке өмірді қорғау
Президент жаңа Конституция азаматтардың құқықтарын қорғау механизмдерін күшейтетінін атап өтті.
«Жемқорлық жасаған адамдардың, тіпті олардың соттылығы заңда белгіленген тәртіппен жойылғанына немесе алынғанына қарамастан, сайлануға құқығы болмайды. Бұл – өте маңызды жаңашылдық. Сонымен қатар “Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға және шығарып жіберуге жол берілмейді” деген норма енгізіледі», – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар жаңа Конституцияда азаматтардың заң көмегін алу құқығы күшейтіледі.
«Негізгі заңда адвокатура институты бекітіліп, Миранда ережесі енгізіледі. Бұрын-соңды мұндай болған жоқ. Осы арқылы азаматтың сотта қорғалу және заң көмегін алу құқығына мемлекет беретін кепілдік күшейеді», – деді президент.
Президент цифрлық дәуірде жеке өмірді қорғаудың маңызы артқанын айтты.
«Жеке өмірге қол сұқпау құқығын Конституция деңгейінде бекіту ұсынылды. Бұл жерде тек хат жазысу құпиясы туралы ғана емес. Банк операцияларының, дербес деректердің құпиялығы да Конституция бойынша қорғалады. Цифрлық технологиялар дамыған қазіргі заманда бұл өзекті мәселеге айналды», – деді Тоқаев.
Конституцияны әзірлеу барысы
Президент жаңа Конституция жобасын әзірлеуге өзі де қатысқанын айтты.
«Ашығын айтайын, Мемлекет басшысы ретінде Жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуға тікелей атсалыстым. Оның әр тарауына, әр бабына ерекше мән бердім. Әрбір сөздің мағынасына терең үңіліп, өз ұсыныстарымды Конституциялық комиссияға жолдадым», – деді президент.
Сонымен қатар құжатты әзірлеу кезінде ұлттық дүниетанымға сай ұғымдарды қолдану мәселесі талқыланған.
«Мысалы, қазіргі Ата заңымызда “Қазақстан аумағының тұтастығы” деген ұғым бар. Негізі, бұл “жердің тұтастығы” болуы керек еді. Себебі жер – қазақ үшін ең қастерлі ұғымның бірі. Бірақ халықаралық деңгейде орныққан термин болғандықтан, Конституциялық комиссияның басым бөлігі “аумақтық тұтастық” ұғымын өзгеріссіз қалдырды», – деді Тоқаев.
Билік жүйесіндегі өзгерістер
Президент жаңа Конституция жобасы мемлекеттік басқару жүйесін жаңартуға бағытталғанын айтты.
«Азаматтарымыз Конституция жобасын қолдаған жағдайда Қазақстанда жаңа, анағұрлым тиімді саяси жүйе қалыптасады. Бұл жүйе еліміздің ұзақмерзімді тұрақты дамуына жол ашады», – деді Тоқаев.
Сонымен қатар жоғары мемлекеттік лауазымдарға қатысты жаңа шектеулер енгізіледі.
«Конституциялық Сот төрағасы мен судьяларының, Жоғарғы Сот төрағасының және Бас прокурордың өкілеттік мерзімін шектеу – жаңа жобадағы маңызды жаңашылдық. Бір адам аталған қызметтерге бір реттен артық тағайындалмайды», – деді президент.
Мемлекет басшысы президенттің жақын туыстарына қатысты шектеулер енгізілетінін де айтты.
«Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметші лауазымын атқаруына, тіпті квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшысы болуына тыйым салатын норма айрықша мәнге ие. Бұл ереже биліктегі отбасылық жүйеге және оның бір қолға шоғырлануына тосқауыл қояды», – деді Тоқаев.
Алатау қаласының арнайы режимі
Президент жаңа Конституцияда арнайы құқықтық режимі бар аумақтар қарастырылғанын айтты. Соның бірі – Алатау қаласы.
«Мысалы, Алатау қаласына қатысты айтсақ, арнайы режим тек қаржылық басқару, салықтық жеңілдіктер және капитал тарту үшін қажет сот рәсімдеріне ғана қатысты. Конституцияда арнайы құқықтық режимді бекіту арқылы біз инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасаймыз. Осы арқылы бүкіл әлемге Қазақстанның тұрақты, ашық және ішкі нарығындағы жағдайы айқын, кедергілерден ада мемлекет екенін көрсетеміз», – деді президент.
Мемлекет басшысы мұндай аумақтар елдің біртұтас құқықтық кеңістігінің бөлігі болып қала беретінін атап өтті.
«Конституциялық құрылыстың маңызды құрамдас бөлігі ретінде еліміздің аумақтық тұтастығы мен мемлекеттік құрылымы мызғымайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында президент азаматтарды, әсіресе жастарды, референдумға белсенді қатысуға шақырды.
«Жаңа Конституция жобасы, ең алдымен, жастарға арналған. Референдумда дауыс беру арқылы сіздер ел тағдырына қатысатын тарихи шешім қабылдайсыздар», – деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, жаңа Конституция Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына негіз болады.
«Жаңа Ата заңымыз технологиялық өрлеуге, жасанды интеллектіні дамытуға және жаппай цифрландыруға жол ашады. Бұл Қазақстанның әділетті әрі өркендеген мемлекетке айналуына ықпал етеді», – деді Тоқаев.
Айта кетейік, Қазақстанда жаңа Конституция жобасын қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум 2026 жылғы 15 наурызда өтеді.


