NoFake

Тоқаев 2029 жылғы Президент сайлауына қатысуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді

Фото: Aqoorda

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылғы Президент сайлауына қатысу-қатыспау мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Мемлекет басшысы бұл туралы 23 тамызда Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс бергеннен кейін журналистердің сауалына жауап беру кезінде айтты. Президенттен Конституциялық соттың жуырдағы түсіндірмесіне байланысты қайта сайлану құқығын пайдалана ма және келесі Президент сайлауы 2029 жылы өте ме деген сұрақ қойылды.

Тоқаев Конституциялық соттың шешіміне сәйкес, заң жүзінде қайта сайлануға құқығы бар екенін растады. Алайда сайлауға қатысу туралы айтуға әлі ерте екенін жеткізді.

«Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте», — деді Президент.

Мемлекет басшысы қазір ел алдында тұрған ауқымды міндеттерге басымдық беру қажет екенін айтты. Оның сөзінше, әлеуметтік нысандар салуға Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға болады.

«Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайынмын. Халықтың игілігіне жарата алмасақ, қаражатты шетелдерде құнды қағаз ретінде ұстап отырудың қажеті қанша? Қаржыны жай ғана ұстап отыруға қарсымын. Қаражат халқымыздың, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек», — деді Тоқаев.

Президент әлемдегі геосаяси жағдайдың күрделі екенін де атап өтіп, Қазақстанның бейбітшілікті сақтай отырып, дамуға бет алғанын айтты. Сондай-ақ елдегі экономикалық өсімге халықаралық қаржы институттары да оң баға бергенін жеткізді.

Ал 2029 жылғы сайлауға қатысу-қатыспау туралы нақты жауапты кейінірек беретінін айтты.

«Алдағы уақытта тағы жолығармыз. Бәлкім, келесі жылы… Сол кезде сізге нақты жауап беремін», — деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Конституциялық соттың биылғы түсіндірмесіне сәйкес, жаңа Конституция күшіне енгенге дейінгі президенттік мерзімдер жаңа Конституцияда белгіленген шектеулерге кірмейді. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевтың болашақ Президент сайлауына қайта қатысуына заң жүзінде мүмкіндік бар.

Оқу үшін