NoFake

Астанада пәтерге тіркеу нормасы өзгереді- түсіндіреміз

Снимок экрана 2025 12 26

Фото: Gov.kz

Астанада пәтерге тіркеуге жаңа шектеу қойылады, деп хабарлайды nofake.kz/.

2025 жылғы 26 желтоқсанда өткен отырыста елорда мәслихаты қала аумағында тұрғылықты және уақытша тұру (болу) орны бойынша тіркеудің жаңа нормативін бекітті.

Құжатты депутаттарға Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ерлан Жүсіпов таныстырды. Оның айтуынша, бұл шешім тіркеу процесін реттеп, қаладағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жүктемені тиімді жоспарлауға бағытталған.

«Жаңа талапқа сәйкес, бір адамға кемінде 15 шаршы метр пайдалы тұрғын алаңы болуы тиіс. Алайда бұл норма бірге тұратын ерлі-зайыптыларға, балаларға және жақын туыстарға қолданылмайды.Бұл өзгеріс 2026 жылдың тамызынан бастап күшіне енеді. Сол уақыттан бастап «Қазақстан Республикасының астанасының мәртебесі туралы» заңға сәйкес, елорда мәслихаты тіркеу нормативін бекіту құзыретіне ие болады», — деді Жүсіпов.

Айта кетейік, бұған дейін тіркеуге қатысты нақты шектеу болмаған. Пәтер иелері тұрғын үйдің көлеміне қарамастан, кез келген адам санын тіркей алатын. Соның салдарынан елордада «резеңке пәтерлер» жиі анықталатын.

Ішкі миграция мәселесі

Астана ішкі көші-қонның салдарынан шамадан тыс жүктемеге тап болып отыр. Елорданың бюджетінің 60 пайызы әлеуметтік сала шығындарына жұмсалады. Сонымен қатар, Астанаға көшіп келгісі келетіндердің көптігін ескерсек, қалада жыл сайын кемінде 15 мектеп салу қажет. Бұл туралы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеген.

«Соңғы үш жылдың өзінде елорда халқы 250 мыңнан астам адамға артты, оның ішінде өткен жылы өсім шамамен 100 мың адамды құрады. Биылғы жылы бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін. Қала инфрақұрылымына түсетін күнделікті жүктеме ресми түрде 1,5 млн тұрғын тіркелгеніне қарамастан, іс жүзінде 1,9 млн адамға қызмет көрсету есебімен қалыптасып отыр», – деді Президент.

Сонымен қатар, 2025 жылғы 5 наурызда Қазақстан Республикасы Мәжілісі мегаполистердегі көші-қон процестерін реттеуге бағытталған заң жобасын қабылдаған. Ол құжатта тіркеу талаптарын бұзғаны үшін салынатын айыппұлды 10 АЕК-тен 20 АЕК-ке дейін арттыру қарастырылған.

Оқу үшін