Тимур Турлов «Қайрат» – «Реал» ойынындағы билет дауына пікір білдірді

Digitalbusiness.kz
Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов жұма күні Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумы аясында Алматыда 30 қыркүйекте өткен «Қайрат» – «Реал» футбол матчы билеттеріне қатысты дүрбелең жайында пікірін айтты, деп хабарлайды nofake.kz/.
«Біздің платформамызда бір ЖСН-ге екі билет сатып алуға болатын. Бірақ бұл сұрақты сервис иелеріне немесе басшылығына қойғандарыңыз дұрыс. Сеніңіздер, студенттерді ұйымдастырып, олар арқылы билет алып, кейін қайта сатқызып жіберу еш қиын емес. Жүздеген мың адам 20 мың орынға таласса, мұндай жағдайдың орын алуы заңды», – деді Турлов.
Оның айтуынша, стадионға кіру кезінде биометриялық тексеріс немесе қосымша верификация жүйесін енгізуге болады. Дегенмен сұраныс ұсыныстан ондаған есе асып кеткенде, мұндай шаралардың тиімділігі шамалы.
«Қашанда билеттерді сатып алып, оны қайта сататындар табылады. АҚШ пен Еуропада арнайы екінші нарық қалыптасқан. Жанкүйерлер абонемент арқылы алған билеттерін кейін бес есе, тіпті он есе қымбатқа сатады. Мәселен, АҚШ-тағы Madison Square Garden де дәл осылай жұмыс істейді», – деп түйіндеді ол.
Оқиғаның мән-жайы
Матч аяқталғанымен, билет дауы әлі басылмай тұр. Себебі ойын басталғанда ондаған жанкүйер билеті бола тұра, стадионға кіре алмаған. Көрермен тарапынан тарихи матчқа сұраныстың жоғары болғаны соншалық, билеттер бар болғаны төрт сағаттың ішінде сатылып кетті. Жанкүйерлердің көбі тапсырысты рәсімдейтін кезде жүйенің істен шыққанын айтып шағымданды.
Айта кетейік, ІІМ билеттерді алыпсатарларға қатысты тексеру жүргізетіндерін мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, билеттерге қатысты «тексеріс жүргізілді ме, жүргізілсе нәтижесі қандай» деген сұрақтармен редакция Бас прокуратураға ақпараттық сұраныс жіберді. Жауаптар қосымша жарияланады.


