NoFake

TikTok-тағы жалған инвестиция: ақмолалық 9 миллионға жуық теңгеден айырылды

Фото: depositphotos

Ақмола облысында тұрғын жалған инвестициялық платформаға сеніп, ірі көлемде қаржысынан айырылды. Оқиға бойынша тергеу басталды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Ақмола облысында Аршалы ауданының тұрғыны интернет-алаяқтықтың құрбаны болды. Ер адам TikTok әлеуметтік желісінде «КазАтомПром» атауымен жарияланған жалған инвестициялық платформаның жарнамасын көрген.

«Жарнамада пайдаланушыларға мұнай, алтын және күміс сияқты шикізат ресурстарына инвестиция салып, жоғары табыс табуға болатыны уәде етілген», – деп хабарлайды Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі.

Тіркелгеннен кейін жәбірленушімен өзін «менеджер» ретінде таныстырған адам байланысқа шығып, қаражаттың тез өсетініне сендірген. Соның нәтижесінде азамат көрсетілген есепшоттарға ақша аудара бастаған.

Жалпы алғанда, ол дропперлердің шоттарына он транзакция арқылы 8 850 000 теңге жіберген. Біраз уақыттан кейін алаяқтар байланысқа шықпай қойған.

«Ақшаны алғаннан кейін алаяқтар байланысқа шықпай қойған. Уәде етілген дивидендтер түспеген соң, жәбірленуші полицияға жүгінді», – деп мәлім етті ведомство.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, күдіктілерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Полиция азаматтарды күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сенбеуге және белгісіз шоттарға ақша аудармауға шақырады.

Оқу үшін