Ақтөбеде Telegram арқылы есірткі сатумен айналысқан топқа үкім шықты

Фото: depositphotos
Ақтөбе облысында интернет арқылы есірткі таратумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Ақтөбе облысының прокуратурасы Полиция департаменті және Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп, интернет алаңдары арқылы есірткі заттарын сатумен айналысқан ірі қылмыстық желінің қызметін тоқтатты», — деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстық схема «Telegram» мессенджері арқылы «контактісіз сату» тәсілімен жүзеге асырылған. Тапсырыстар қашықтан қабылданып, төлемдер «дропперлердің» банктік карталары арқылы жүргізілген.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында қылмыстық топ мүшелері Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында анықталып, ұсталды. Барлығы 6 адам ұйымдасқан топ құрамында әрекет еткені белгілі болды. Заңсыз айналымнан 10 келіден астам психотроптық зат тәркіленді.
«2026 жылғы 16 наурызда Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың 6 қатысушысы кінәлі деп танылып, 15 жылдан 17 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды», — деп хабарлады ведомство.
Тергеу барысында 65,5 млн теңгеге бағаланатын 2 мың банктік шот пен 34 мың шетелдік карта бұғатталды. Сондай-ақ «Кибернадзор» жүйесі арқылы есірткі жарнамалаған 260 Telegram-арнасы мен интернет-ресурсына қолжетімділік шектелді.


