NoFake

«Тәжен» өткізу пункті жұмысын тоқтатты ма – Комитет жауап берді

Фото: Gov.kz

Телеграм арналардың бірінде Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан «Тәжен» өткізу пунктінің іске қосылмағаны айтылды. Аталған мәлімдемеден кейін nofake.kz/ Мемлекеттік кірістер комитетіне сұрау салды.

Жауапты ведомстваның мәліметінше, «Тәжен» өткізу пунктінде қайта қалпына келтіру жұмыстары толық жабусыз жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, жүк көліктерінің мемлекеттік шекарадан өтуі ешқандай шектеусіз жүзеге асырылуда.

«Бас мердігердің бүгінгі күнгі мәліметіне сәйкес, жоба бойынша қаржыландыруға қатысты қарыздар мен қиындықтар жоқ. Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасы да іргелес орналасқан «Дәуіт Ата» өткізу пунктіне қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осыған байланысты жеке тұлғалардың, жеңіл автокөліктердің және жолаушылар автобустарының өтуі уақытша шектелген. Қазіргі таңда «Тәжен» өткізу пункті техникалық іске қосылды. Инспекциялық-тексеру кешендері, салмақ-габариттік және өзге де жабдықтар орнатылып, бейтарап аймақ абаттандырылды. Өткізу пунктінің өткізу қабілетіне әсер етпейтін жұмыстар жалғасуда», — деді кірістер департаменті.

Контекст

Әлеуметтік желіде жарияланған видеода «Тәжен» өткізу пунктінде қаржы тапшылығына байланысты жөндеу жұмыстары тоқтағаны айтылады.

«Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Тәкиев жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін, яғни 2025 жылдың 25 желтоқсанынан соң «Тәжен» өткізу пункті жұмысын бастайды деп мәлімдеген. Алайда видеодағы жұмысшылардың айтуынша, қаржыландыру жоқ, осы себепті жұмыстарды толық аяқтау мүмкін болмай отыр. Сонымен қатар, Өзбекстанның Кеден комитеті «Дәуіт Ата» өткізу пунктіне қатысты мәлімдеме жасап, «Тәжен» өткізу пункті тек 2025 жылдың 31 желтоқсанында ғана ашылатынын хабарлаған. Ал өзбекстандық бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өткізу пунктінің ашылуы 2026 жылға шегерілгенін жазған», — делінген онда.

Айта кетейік, бүгінгі күні «Тәжен» өткізу пунктінің 2025 жылдың 11 айындағы өткізу қабілеті 130 мың автокөлік құралын құрап отыр. Бұл 2024 жылғы жылдық көрсеткіштен 22%-ға немесе 29 мың автокөлікке артық (2022 жылы – 77 695 автокөлік).

Оқу үшін