«Таныстарға сатады»: ҚТЖ желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды

Фото: КТЖ
ҚТЖ пойыз билеттері «алдымен таныстарға сатылады» деген қауесетке жауап берді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Әлеуметтік желілерде пойыз билеттері алдымен «таныстарға» сатылып, кейін ғана қарапайым жолаушыларға қолжетімді болады деген ақпарат тарады.

Осыған байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми түсініктеме беріп, бұл мәлімдемені жоққа шығарды.
Компанияның мәліметінше, ұлттық тасымалдаушының пойыздарына билеттер жөнелтуге 45 тәулік қалғанда автоматтандырылған жүйе арқылы барлық жолаушы үшін бір уақытта сатылымға шығарылады.
«Барлық орын вагон сызбасына сәйкес бір мезетте сатылымға шығарылады. Қандай да бір алдын ала орын бөлу немесе жекелеген санаттағы адамдарға артықшылық беру қарастырылмаған», – деп мәлімдеді компания.
ҚТЖ төменгі сөрелер сияқты кейбір орындардың тез таусылып қалуы жазғы маусымдағы жоғары сұранысқа байланысты екенін түсіндірді. Сонымен қатар жолаушылар билеттерді қайтарған немесе пойыз құрамына қосымша вагондар қосылған жағдайда бос орындар қайта пайда болуы мүмкін.
«Билет табылмаған жағдайда жолаушылар «Күту парағы» электронды қызметін пайдалана алады. Оған пойыз жөнелетін күнге 7 тәулік қалғанда және жөнелуге 1 сағат қалғанға дейін өтініш беруге болады. Егер бос орын шықса, жолаушыға жеке кабинеті мен SMS арқылы хабарлама жіберіледі», — делінген хабарламада.
Компания билет сату жүйесі барлық жолаушы үшін тең әрі ашық жұмыс істейтінін тағы бір мәрте ескертті.


