«Тағылым» журналының Алтынсарин академиясына қатысы жоқ

Иллюстрация: nofake.kz/
Әлеуметтік желілерде «Тағылым» журналы Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына тиесілі деген ақпарат тарап жатыр. Алайда аталған басылымның академияға ешқандай қатысы жоқ, деп хабарлайды nofake.kz/.

Академияның түсіндіруінше, өздерін «Тағылым» журналының авторлары ретінде таныстырып жүрген тұлғалар мекеменің логотипін заңсыз пайдаланып, сондай-ақ қызметкерлерінің бейнесі бар фотоматериалдарды рұқсатсыз жариялаған.
«Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты аталған тұлғаларға жазбаша және ауызша ескертулер жолданды», — деп мәлімдеді академия өкілдері.
Сондай-ақ академия қазіргі таңда тек екі ресми мерзімді басылым шығаратынын еске салды. Олар — «Алтынсарин академиясының хабаршысы» әдістемелік журналы және «Білім–Образование» ғылыми-педагогикалық журналы.
Мақалаларды рәсімдеу талаптары, материал үлгілері мен авторларға арналған ережелер академияның ресми интернет-ресурстарында жарияланған. Сонымен қатар академия қызметі мен басылымдары туралы өзекті ақпарат ресми әлеуметтік желідегі парақшаларында тұрақты түрде жарияланып отырады.
Академия педагогтер мен авторларды ақпарат көздерін мұқият тексеруге және ғылыми-әдістемелік басылымдарды таңдауда тек ресми арналарға сүйенуге шақырды.


