Сыни ойлау – интеллект емес, дағды: Америкалық психолог-ғалыммен сұхбат

Фото: Джонатан Бэрон
Фейк ақпарат пен манипуляция заманы – адам санасына ең үлкен сынақтың бірі. Бүгінде шындық пен жалғанның шекарасы бұлдырап, ақпарат тасқынында дұрыс ой қорытып, сыни талдау жасау қабілеті әр азамат үшін маңызды дағдыға айналды. Осы тақырып төңірегінде nofake.kz/ рационалды және сыни ойлау ғылымының негізін қалаушылардың бірі, америкалық психолог, Пенсильвания университетінің құрметті профессоры Джонатан Бэронмен сұхбаттасты.
– Профессор Бэрон, сіз ондаған жыл бойы адамдардың ойлау тәсілі мен шешім қабылдау процесін зерттеп келесіз. Ғылыми тұрғыдан алғанда, сыни ойлауды қалай түсіндіресіз? Ол жай ойлаудан несімен өзгеше?
– «Сыни ойлау» термині көбіне білім беру саласында қолданылады. Көптеген педагог мектепте бұл қабілетті үйрету қажет дейді. Бірақ оның нақты не екенін ашып түсіндіретіндері аз. Біреулер үшін бұл – жалпы жақсы ойлау қабілеті. Басқалары үшін тек «сын айту», яғни өзгелердің пікіріндегі қателіктерді табу өнері. Мұндай түсінік ойлауды біржақты, тіпті теріс сипатта көрсетеді. Мысалы, кейде сыни ойлау ұғымын тек «мүдделер қайшылығын іздеу» деп қате түсінеді. Әрине, бұл да маңызды, бірақ мәселенің өзегі емес. «Сен бұлай ойлайсың, өйткені бұл өзіңе тиімді» деу оңай. Кей жағдайда бұл рас болуы мүмкін. Бірақ сыни ойлауды тек күмәнданумен немесе күдікпен шектеу – үлкен қателік.
1980 жылдардан бастап мен ойлаудың теориясын құруға тырыстым – ол тек біздің қалай ойлайтынымызды сипаттап қана қоймай, «жақсы ойлау» нені білдіретінін де түсіндіруі керек еді. Теориямда ойлау екі негізгі үдерістен тұрады: іздеу және пайымдау. Біз ойланғанда бір нәрсені іздейміз – ақпарат, түсініктеме немесе шешім. Кейде бұл «телефонымды қайда қалдырдым?» деген сияқты қарапайым тапсырма. Мен қай бөлмелерде болғанымды, оны қай жерге қоюым мүмкін екенін еске түсіремін. Мүмкін, ол дәл көз алдымда тұрған шығар деп ойлаймын. Тексеріп көремін – жоқ, мұнда емес. Содан кейін басқа нұсқаларды қарастырамын. Мысалы, екінші жатын бөлмеде болуы екіталай, өйткені мен ол жерде екі күн болған жоқпын. Бір болжамды жоққа шығарып, жаңасын ұсынамын. Ал егер бәрібір таба алмасам, әдетте өзіме қоңырау шалып, дәл сол сәтте оның дыбысын естимін.
Міне, іздеу процесі осылай жүреді: біз түрлі нұсқаларды ой елегінен өткізіп, олардың пайдасына немесе керісінше, қарсы дәлелдерді іздейміз. Бұл мысалда мақсат айқын — телефонды табу. Ал кейде мақсат бұлай нақты болмайды. Тіпті кейде бірнеше мақсат қатар тұрады, сондықтан олардың арасынан таңдау жасауға тура келеді.
– Осы тұста «жақсы» және «нашар» ойлаудың айырмасы нақты неде — біз оны қалай танимыз?
– Мұндағы түйткіл – ең әуелі ойлаудың өзінде! Менің әдісімде мұны «нашар ойлау» деп атаймын, ал оның қарама-қарсысы – белсенді ашық ойлау (actively open-minded thinking). Бұл – қолыңызда бір гипотеза не идея бар кезде, оны растауға ғана емес, сонымен бірге оған қарсы уәждерді де саналы түрде іздеу қабілеті. Дәл осылай ойланған кезде ойлау сапалы да өнімді болып, нағыз сыни сипатын табады. Сыни ойлау – бұл тек скептицизм де, цинизм де емес. Кейде жақсы ойлау, керісінше, көпшілік пікірімен немесе қисынды дәлел ұсынған көшбасшымен келісуге әкеледі. Талдау нәтижесінде сіз «иә, дәл осы түсіндіру ең қисындысы сияқты» деуіңіз мүмкін.
Мысалы, ғылымға деген көзқарасты алайық. Ғалымдардың қателесуі – табиғи дүние. Бірақ бір ғана қателікті көріп, адамдар «оларға сенуге болмайды, бәрі өз мүддесін ойлайды» деп қорытынды жасайды. Дәл осындай жағдай вакцина тақырыбында да болды. COVID-19 пандемиясының басында ғалымдар вирусты тек тамшы арқылы тарайды деп ойлаған, сондықтан арақашықтық сақтау жеткілікті деген пікірде болды. Кейін зерттеулер оның ауа арқылы тарайтынын дәлелдеді. Ғалымдар өз тұжырымдарын қайта қарап, ұсыныстарын өзгертті. Қол жуу маңызды болып қала берді, бірақ бастысы – жабық, адам көп жерлерден аулақ болу екені анықталды. Бұл мысал бізге ғылымның догма емес, үнемі түзеліп отыратын процесс екенін көрсетеді. Ал адамдар жиі жіберетін негізгі қателік – салыстыру сұрағын қоймау. «Немен салыстырғанда?» деген сұрақ – рационалды ойлаудың өзегі.
МИДЫҢ ӨСУІ ҚАЙ КЕЗДЕ ТОҚТАЙДЫ
– Сонда сыни ойлау – интеллектпен тең ұғым ба, яғни адам қаншалықты ақылды болса, соншалықты сыни ойлай ала ма?
– Міндетті түрде емес. Бұл даулы сұрақ. Мен тіпті «Rationality and Intelligence» (1985) атты кітап жаздым. Онда мен сыни ойлау интеллектінің бір бөлігі екенін, бірақ дамытылатын бөлігі екенін айттым. Бұл – дағды, яғни үйренуге болатын стандарт. Интеллектінің басқа бөлігі – биологиялық. Мидың құрылымы мен табиғи мүмкіндіктерін өзгерту қиын. Жасөспірім шақ аяқталған соң, ми өсуін тоқтатады. Әрине, тамақтану сияқты факторлар әсер етеді, бірақ ересек жаста ойлау жаттығулары ми құрылымын айтарлықтай өзгертпейді. Ал физикалық белсенділік, керісінше, жақсы әсер етеді.
Сондықтан интеллект екі деңгейден тұрады: Туа біткен, биологиялық интеллект және рационалды, яғни сыни ойлау қабілеті. Міне, осы екінші қабілетті жаттықтыруға болады. Адамдар расында да «ақылдырақ» бола алады – яғни мәселелерді тиімді шешуді, саяси көзқарастарды қалыптастыруды, жұмысты дұрыс ұйымдастыруды, басқалармен тіл табысуды үйренеді. Ол үшін жақсы ойлаудың стандарттарын меңгеру жеткілікті – дәл бала кезімізде жақсы мінез-құлық ережелерін үйренгендей. Басқа зерттеушілер – Ричард Нисбетт пен Кит Станович – интеллекті тек биологиялық қабілет деп анықтайды. Мен бұған қарсы емеспін, бастысы – не туралы айтып отырғанымызды түсіну. Әрине, биологиялық интеллект маңызды. Егер адамның когнитивтік қабілеті бұзылған болса, ол жақсы ойлауды, оқуды немесе тіл үйренуді меңгере алмайды. Сондықтан жақсы жұмыс істейтін ми рационалды ойлаудың стандарттарын игеруге және қолдануға көмектеседі. Осылайша интеллект пен рационалдылық – тығыз байланысты, бірақ бір емес.
– Осы әлеуметтік бейімділік қасиет кейде сыни ойлауға кедергі болмай ма?
– Жалпы айтқанда, біздің сенімдеріміздің көбі – әлем туралы түсінігіміз, ал олар жеке тәжірибеміз арқылы қалыптасады. Бірақ саясат пен дінге қатысты сенімдер мүлде басқа жолмен пайда болады: бұл сенімдердің көп бөлігі бізге өзге адамдардан келеді. Тәрбие, мәдениет, қоршаған орта – бәрі де адам санасына орасан әсер етеді.
Бір теория бар (мен оны қолдаймын): адам эволюциясының барысында, яғни адам баласының басқа приматтардан бөліну процесінде, екі өзара байланысты фактор шешуші рөл атқарған.
Біріншісі – иілгіштік (бейімділік). Бұл – адамның басқалардың ықпалына бейім, қабылдағыш болу қасиеті. Біз бала кезден өзгелерге қарап үйренеміз: олардың іс-әрекетін бақылаймыз, соған еліктейміз, көшіреміз. Осындай әлеуметтік үйрену қабілеті адам эволюциясының іргетасына айналды.
Екінші фактор – тіл. Тіл пайда болған сәттен бастап адамдардың бір-біріне әсер ету күші мен тереңдігі әлдеқайда артты. Біз бір-бірімізге тек еліктеу арқылы емес, сөз арқылы да ықпал ете бастадық. Адам сөйлеуді, жүруді, отыруды, тамақ ішуді көбіне басқаларға қарап үйренеді. Мәселен, Үндістанда адамдар тамақты сол қолымен жейді. Балалар мұны ешкім арнайы түсіндірмей-ақ, қарап отырып үйреніп алады. Сенімдеріміз де осылай қалыптасады: біз басқаларды бақылаймыз, қайталаймыз, сіңіреміз.
АҚПАРАТ АЛАҢЫНДАҒЫ СЫНИ ПАЙЫМ
– Біздің мақсатымыз — адамдарды сыни тұрғыдан ойлауға үйрету. Бүгінде интернет кеңістігінде жалған ақпарат пен фейктер өте көп, сондықтан адамдарға шындық пен өтірікті ажырату барған сайын қиындап барады. Жалпы мұндай жағдайда сыни ойлау қабілеті қандай күйге түседі?
– Белсенді ашық ойлаудың басты қызметтерінің бірі — ақпарат көздерін бағалау. Сенімді ақпарат көздері деп өздері де ашық әрі сыни ойлайтын адамдар немесе қауымдастықтарды айтуға болады. Әрине, ғалымдардың арасында да біржақты ойлайтындар бар, бірақ ғылымның институт ретінде өзін-өзі түзету қабілеті бар. Өйткені ол белсенді ашық ойлау қағидаларына сүйенеді. Ғылымның өзегі — бір ғалымның жетістігі басқа ғалымның идеясын жоққа шығара алуында. Сондықтан ғылым табиғатынан өзін сынай алатын жүйе. Ал егер соған қарамастан, ғалымдар белгілі бір консенсусқа келсе, ол мінсіз болмаса да, шындыққа ең жақын нұсқа болып есептеледі. Әлемді түсінудің бұдан сенімдірек жүйесі бізде жоқ.
Сол себепті ғылыми консенсус — ақпараттың ең сенімді көзі. Егер ғалымдар бірнеше зерттеумен расталған нәтижелер жайлы айтса, оларға сенуге болады. Ал, мысалы, біреу: «Менің танысым жүктілік кезінде парацетамол ішкен, баласы аутизммен туды — демек, себеп сонда» десе, бұл сенімсіз дерек көзі. Мұндай адам өз ойын дәлелдеу үшін басқа нұсқаларды салыстырмаған, сарапшылар мен ғылыми деректерге жүгінбеген.
– Сыни ойлау тақырыбына қайта оралсақ: адамның сыни ойлау деңгейінің шынымен де өсіп келе жатқанын қалай өлшеуге немесе анықтауға болады? Бұған арналған қандай да бір құрал бар ма?
– Сыни ойлауды өлшейтін құрал жоқ. Бұл өте күрделі нәрсе, өйткені жақсы ойлау әртүрлі тапсырмаларда көрініс табады, ал олардың әрқайсысына басқа да факторлар әсер етеді. Менің ойымша, ең жақсы мысалдардың бірі – Равен матрицалары деп аталатын интеллект тесті. Онда 3×3 тор көрсетіледі, ал оның бір бөлігі бос болады. Сол жерге қандай фигура сәйкес келетінін табу қажет. Бұл тапсырмадан өту үшін дәл сыни тұрғыдан ойлау керек, себебі әр тапсырмада бір «қақпан» бар. Егер адам бірден әрекет етсе, ол сол тұзаққа түседі. Ал дұрыс жауап беру үшін алғашқы ойға күмәнмен қарап, баламаларды тексеру қажет.
Бірақ бұл тестің де шектеулері бар. Оған «үйреніп алу» оңай: адам заңдылықтарды есте сақтайды, типтік тәсілдерді таниды. Сондықтан бұл тест арқылы сыни ойлаудың қаншалықты дамығанын нақты бағалау қиын. Мен әдетте тест емес, арнайы сауалнама қолданамын. Ол белсенді ашық ойлаудың өзін тікелей өлшемейді, бірақ адамның осы ойлау қағидаттарын қабылдай ма, жоқ па – соны анықтайды. Яғни ол адамның ойлау процесіне қатысты сұрақтар қояды.
СЫНИ ПАЙЫМДЫ ТЕКСЕРУДІҢ ЖОЛДАРЫ
– Ол қандай сұрақтар?
– Мысалы, мынадай сұрақ: «Кейде мықты сарапшылардың өзі өз айтқандарына толық сенімді болмауы мүмкін. Бұл қалыпты ма?» Дұрыс жауап: иә, қалыпты. Бірақ көптеген адам керісінше ойлайды: егер сен сарапшы болсаң, барлық сұраққа нық, сенімді жауап беруің керек деп есептейді. Тағы бір мысал: «Біз бір мәселені шешуге тырысқанда, алғашқы идеямыздың қате болуы мүмкін себептерін іздеуіміз керек пе?» Өкінішке қарай, көпшілік бұл пікірмен келіспейді.
Тағы бір құрал бар, меніңше, ол белсенді ашық ойлаудың бір қырын жақсы анықтайды. Бұл — ашық эссе-тест, онда адамнан күрделі тақырыптар жайлы ой қорыту сұралады. Мысалы: «Сіз еркін сауда туралы не ойлайсыз?» немесе «Аборт жөніндегі пікіріңіз қандай?» деген сұрақ қойылады және адамнан өз көзқарасын дәлелдейтін дәйектемелер тізімін жазу сұралады. Әдетте адамдар өз позициясын қолдайтын дәлелдерді жазады, кейде қарсы тараптың бір-екі уәжін де қосады.
Содан кейін екінші сұрақ қойылады: «Жақсы, сіз өз ұстанымыңызды және оған қарсы бірнеше дәлелді келтірдіңіз. Енді осының бәрін кеңінен ойлап, тағы да көбірек себептер ойлап табыңыз, әрі жақтайтын, әрі қарсы пікірлерді де». Міне, осы кезде қызық нәрсе байқалады: адамдар жаңа дәлелдердің көбін қарсы жақтың пайдасына таба бастайды. Бұл олардың бұған дейін мүлде ойланбағанын көрсетеді. Яғни олардың тереңірек ойлауға әлеуеті бар, тек дұрыс сұрақ қойылмаған.
Мұндай тест, әрине, жақсы ойлаудың бір ғана қырын — баламалы позицияларды қарастыру қабілетін қамтиды. Бірақ ол адамның сенімділік деңгейін өлшемейді.
– Рационалдылық, сыни ойлау және демократия туралы айта отырып, сіз бірнеше рет ескерттіңіз: иррационалдық пен сыни ойлаудың жоқтығы — жеке мәселе ғана емес, тұтас қоғам үшін қауіп. Сіздің ойыңызша, неліктен қоғамның ойлауы демагогия мен мифтерге соншалықты бейім? Сыни ойлаудың жетіспеушілігі демократияны қалай әлсіретеді?
– Өйткені бұл адамдарға теріс идеяларды қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көпшілігі азаматтық ұғымы туралы ойлана білмейді. Мен бұл туралы Effective Citizenship («Тиімді азаматтық») деген кітап жаздым. Мысалы, көптеген адам дауыс беру – моральдық борыш деп есептейді. Мен бұған толық қосыламын. Бірақ олар сондай-ақ тек өз елінің мүддесін ойлап дауыс беру керек деп санайды – тіпті бұл басқа елдердің мүдделеріне қайшы болса да. Шындығында, бұлай ойлауға ешқандай негіз жоқ. Мысалы, климаттың өзгеруі мәселесін алайық. Оны ескеру, шешім қабылдағанда жаһандық әсерін ойлау – бұл қалыпты және қажет нәрсе. Климаттың өзгеруі – бүкіл әлемге әсер ететін мәселе, бірақ оның салдары бірдей бөлінбейді. АҚШ үшін зияндылық көрсеткіші басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда аз болады. Соған қарамастан, Америкада климаттың өзгеруіне алаңдап, осыған сай дауыс беруге дайын адамдар көп. Өкінішке қарай, бұл тақырып соңғы сайлауда басты мәселе бола алмады – ал шын мәнінде солай болуға тиіс еді.
— Профессор Бэрон, соңғы сұрақ: осыншама жылдық зерттеулерден кейін сіздің ойыңызша, адамзат когнитивтік, яғни қайталанатын қателіктерден арылуға қабілетті ме? Әлде біз әрдайым өз ақылымыздың тұзағында қала береміз бе?
– Мен бәрібір оптимистпін. Бәлкім, мұны психологияның әдіснамалық қорытындысы деуге болады. Егер адам бойындағы қайталана беретін қателіктерге қатысты эксперименттерге қарасақ, олардың нәтижелері әдетте орташа көрсеткіш бойынша алынады. Бірақ мұқият қарасаңыз, бұрмалауға мүлде ұшырамайтын адамдар да бар екенін байқайсыз. Бұл дегеніміз – адам олардан арыла алады деген сөз. Менің ойымша, бәрі білім мен ойлау мәдениетіне байланысты. Жағдай біртіндеп жақсарып келеді. Бұл оптикалық иллюзия сияқты емес – ол біздің көру жүйемізге тікелей байланысты. Ал когнитивтік бұрмалау басқаша: олар біздің ойлау тәсілімізден туындайды. Ал ойлау тәсілін өзгертуге болады. Сондықтан мен оптимистпін, дегенмен мойындаймын – бәрі мен сияқты ойламайды.
— Уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға көп рақмет!


