СҚО-да 50 пайызға дейін үстемеақы қосқан кәсіпкерлерге айыппұл салынды

Фото: depositphotos
СҚО-да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемеақысын асырған кәсіпкерлер жауапқа тартылды. 2026 жылдың басынан бері 20-ға жуық бизнес өкілі 1,5 миллион теңгеден астам айыппұл төлегенін Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Әңгіме мемлекет шектеу белгілеген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне (ӘМАТ) енгізілген өнімдер туралы болып отыр. Тексеру барысында картоп, сәбіз, күріш, алма сияқты күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасы негізсіз көтерілгені анықталған. Кейбір жағдайда үстемеақы рұқсат етілген деңгейден 50 пайыздан астамға асып кеткен.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, заңбұзушылықтар электрондық шот-фактураларды талдау арқылы анықталған.
«Өнімнің сатып алу бағасы мен бөлшек саудадағы соңғы бағасы қаржылық құжаттар негізінде салыстырылады. Бұл тәсіл бағаның объективті бағалануын қамтамасыз етеді және субъективтілікті болдырмайды», – деп хабарлады министрлік.
Ведомство өкілдері баға шектеулерінің сақталуына бақылау тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті. Мониторинг ірі сауда желілерін де, шағын дүкендерді де қамтиды. Рұқсат етілген үстемеақы асқан жағдайда кәсіпкерлерге заңбұзушылықты жою туралы нұсқама беріліп, әкімшілік айыппұл салынады.
«Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеу – ең алдымен халықтың, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың мүддесін қорғауға бағытталған шара. Нарықтағы құбылмалылық жағдайында бірінші кезектегі өнімдердің негізсіз қымбаттауына жол бермеу маңызды», – деп мәлімдеді Сауда және интеграция министрлігі.
Министрлік кәсіпкерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырып, баға мониторингі алдағы уақытта да жалғасатынын ескертті.


