Сот жүйесі ЖИ-ді қалай қолданады: австралиялық заңгермен экслюзив сұхбат

Коллаж: Nofake.kz
Жасанды интеллект бүгінде құқық және сот жүйесі саласына да еніп үлгерді. Nofake.kz Австралия ғалымы доктор Фелисити Белмен тілдесіп, сот жүйесі саласына ЖИ-ді енгізуге қатысты тәуекелдер мен мүкіндіктерді сұрап көрді.
Доктор Фелисити Белл (Dr. Felicity Bell) — Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінің (ред. UNSW Sydney) құқық және технологиялар саласындағы заңгері әрі зерттеушісі. Ол — Австралия мен Жаңа Зеландия соттарында жасанды интеллектіні қолдану бойынша AIJA ресми нұсқаулығының тең авторы, бұл құжат сот жүйесіне технологияларды қауіпсіз әрі жауапты енгізу қағидаттарын айқындайды.
AIJA — (Australasian Institute of Judicial Administration) Австралия мен Жаңа Зеландиядағы судьяларды, сот әкімшілерін және зерттеушілерді біріктіретін кәсіби ұйым. Институт сот тәжірибесін дамытуға, соттарды басқару стандарттарын жетілдіруге және әділет жүйесіне заманауи технологияларды енгізуге бағытталған. Заңгер Nofake.kz редакциясына берген эксклюзивті сұхбатында ЖИ-дің салаға ену ерекшеліктері мен тәуекелдері туралы баяндады.
— Әлемдік тәжірибеде сот жүйесіне ЖИ белсенді енгізіп жатыр екен. Осы ретте, сұхбатымызды сот жүйесі ЖИ-ді не мақсатпен енгізді деген сауалдан бастасақ?
Алдымен «жасанды интеллект» деген ұғымның өзі түрлі технологияларды қамтитынын түсіну керек. Қазіргі таңда көбінесе генеративті ЖИ туралы айтылып жүр, бірақ бұдан бұрыннан қолданылып келе жатқан қарапайым жүйелер де бар. Мысалы, көптеген соттарда құжаттарды электронды түрде қабылдау және өңдеу жүйелері қолданылады. Бұл технологиялар келіп түскен өтініштерді талдап, оларды белгілі бір санаттарға автоматты түрде бөле алады. Кейбір елдерде, мысалы Бразилияда, арнайы жүйелер істерді маңыздылығына қарай іріктейді. Олар конституциялық сипаттағы істерді анықтап, басымдық береді немесе ұқсас құқықтық мәселелерді біріктіріп қарауға көмектеседі. Мұндай жүйелер адаммен шамалас дәлдікпен, кейде одан да жылдам жұмыс істейді.
— Тағы қандай елдер сот жүйесіне ЖИ-дін енгізіп жатыр?
— Мысалы, Қытайдың кейбір соттарында судьялар шешімнің алғашқы жобасын дайындау үшін үлкен тілдік модельдерді пайдаланады. Бірақ соңғы шешімді бәрібір судья қабылдайды. Ол мәтінді тексеріп, қажет болса түзетулер енгізеді. Сондай-ақ ЖИ сот отырыстарының стенограммасын жасау үшін кеңінен қолданыла бастады. Сөйлеуді тану технологияларының дамуы бұл процесті әлдеқайда жылдам әрі арзан етеді.
— ЖИ судьяларға шешім қабылдауға көмектесе ала ма? Мысалы, АҚШ-тағы COMPAS жүйесі судьяларға шешім қабылдауға атсалысады екен?
– Бұл өте күрделі мәселе. COMPAS сияқты жүйелер сот шешімін толық алмастырмайды, тек көптеген факторлардың бірі ретінде қарастырылады. Бірақ мұнда маңызды сұрақ туындайды: судьялар жүйенің ұсынымына қаншалықты жиі қарсы шыға алады? Егер жүйенің дәлдігі 90% деп айтылса, адам әр жолы «бұл 10% қателік болуы мүмкін» деп күмәндана ма, әлде көбіне жүйеге сеніп кетеді ме? Бұл тұста адамның психологиясы, когнитивтік бейімділіктері үлкен рөл атқарады. Себебі, біз кейде технология ұсынған нәтижеге адамнан да артық сенім артып қоюымыз мүмкін. Яғни, мұндайда нақты жауап айту қиын. Сол себепті, соңғы шешім адамда болуы керек деп санаймын.
— Бұл жерде қандай негізгі тәуекелдер бар деп ойлайсыз?
– Бірнеше маңызды тәуекелді атап өтуге болады. Біріншіден, қателік жәберу қаупі. Генеративті ЖИ кейде қолданыста жоқ заңдар мен сот прецеденттерін «ойлап табуы» мүмкін. Мұндай жағдайлар тәжірибеде болған. Егер мұндай қателік дер кезінде анықталмаса, ол сот шешіміне әсер етуі мүмкін. Екіншіден, қоғамдық сенім мәселесі бар. Сот жүйесі тиімді жұмыс істеуі үшін адамдар оған сенуі керек. Ал ЖИ қолдану бұл сенімді әлсіретуі мүмкін. Үшіншіден, ұзақ мерзімді тәуекелдерді ескеру керек. Уақыт өте келе судьялар мен заңгерлер технологияға тым тәуелді болып, өздерінің аналитикалық қабілеттерін әлсіретіп алуы мүмкін.
— ЖИ соттарға деген сенімге қалай әсер етеді?
– Бұл сұраққа нақты жауап жоқ. Зерттеулер әр түрлі нәтижелер көрсетеді. Кейбір адамдар ЖИ қолданылған шешімдерді әділетсіз деп қабылдауы мүмкін. Ал басқалары керісінше, оны объективті әрі бейтарап деп санайды. Бір қызығы, кейбір зерттеулерде адамдар заңгерден гөрі ЖИ берген кеңеске көбірек сенген жағдайлар да тіркелген. Сондықтан бұл тақырып әлі де терең зерттеуді қажет етеді.
— Әлемде ЖИ-ді сот жүйесінде қолданудың бірыңғай ережелері бар ма?
– Қазіргі таңда жаһандық деңгейде ортақ консенсус жоқ. ЮНЕСКО сияқты ұйымдар ұсынымдар әзірлеген, ал Еуропалық Одақта арнайы AI Act заңы бар. Бірақ әр елдің құқықтық жүйесі әртүрлі: бір жерде жалпы құқық жүйесі, басқа жерде континенталды құқық жүйесі жұмыс істейді. Сондықтан бірыңғай модель жасау қиын. Дегенмен, жалпы қағидаттарды қалыптастыру — пайдалы қадам.
— Алдағы 10–15 жылда ЖИ сот жүйесінде қандай рөл атқарады деп ойлайсыз?
– ЖИ қазірдің өзінде құрал ретінде қолданылып жатыр және оның рөлі арта береді. Менің ойымша, ең маңызды қағида сақталуы керек: соңғы шешімді әрқашан адам қабылдауы тиіс. Сонымен қатар кейбір қарапайым, процедуралық істерде автоматтандыру деңгейі жоғары болуы мүмкін. Адам тек даулы немесе күрделі жағдайларда араласуы ықтимал. Бүгінде сот жүйелері үлкен жүктемемен жұмыс істеп жатыр, ал әділдікке қол жеткізу әлем бойынша әлі де проблема. Сондықтан белгілі бір деңгейде автоматтандыру қажет. Бірақ толық «робот-судьялар» — бұл әзірге жақын болашақтың сценарийі емес. Жасанды интеллект сот жүйесіне жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Ол процестерді жеделдету, шығындарды азайту, қолжетімділікті арттыру. Сонымен қатар қателік, сенім және тәуелділік сияқты маңызды тәуекелдер де бар.
Әңгімеңізге рахмет!


